Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның сахна төрінде жүргеніне 50 жыл толуына арналған есеп беру концертіне сатылымға шыққан билеттер қысқа уақыт ішінде толық өтіп кеткен, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Осы қуанышты жаңалыққа орай әншінің ұлы Әли Оқапов анасына гүл шоғын сыйлап, билеттердің түгел сатылғанын жеткізді.
«Sold Out. Барлық билеттер сатылып кетті. Сіздерге шексіз алғысым бар. Енді үлкен ойға қалдым…» — деп жазды Роза Рымбаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Өнер иесі тыңдармандарына арнайы үн қатып, тағы бір концерт өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
«Қазір сахнада жаңа формат, жаңа есімдер көп болғандықтан, біраз алаңдағаным рас. Олар – заман талабына сай, сәнді. Ал мен үшін бұл — үлкен қуаныш әрі есеп беру кеші. Билеттердің түгел сатылып кетуі қуантады. Алайда қоңырау шалып, өтініш білдіріп жатқан жандар да аз емес. Сондықтан тағы бір концерт берсем бе деген ой келді. Бұл, әрине, сіздерге байланысты. Егер қолдау болса, тәуекел етіп тағы бір кеш ұйымдастыруға болады», — деді әнші.
Желі қолданушылары Роза Рымбаеваның бұл бастамасын бір ауыздан қолдап, қосымша концерт қоюды сұрап жатыр.
«Роза апайдың концерті күнде болса да баруға дайынбыз», «Халық сізді қатты сағынды, екі сеанс ұйымдастыру керек», «Осы концерт үшін Шымкенттен арнайы келемін», «Бұл кешті Қазақстанның барлық қаласында өткізу қажет» деген пікірлер жиі жазылуда.