🏛️ Саясат

Елорда басшылығындағы кадрлық өзгеріс: Астана әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Елорда басшылығындағы кадрлық өзгеріс: Астана әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Талғат Рахманберді тағайындалды. Бұл шешімді Президент әкімшілігі мен қалалық мәслихат депутаттары мақұлдаған. Бұған дейін аталмыш лауазымды атқарған Есет Байкен басқа жұмысқа ауысты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қала әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа орынбасарына шаһарды жүйелі түрде дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді. Талғат Рахманберді бұл қызметке дейін 2023 жылдың 18 қазанынан бастап елордадағы "Байқоңыр" ауданын басқарған болатын.

Жаңа басшының еңбек жолы 2004 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде басталған. Ол білім ордасында жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы болды. Түрлі жылдары Астана қаласының студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтары штабына жетекшілік еткен.

Кейінірек Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы институтының қылмыстық процесс пен жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша біліктілікті арттыру басқармасында аға прокурор болып еңбек етті. Одан бөлек елорданың жастар саясаты мәселелері басқармасын басқарған.

Талғат Рахманберді 2016 жылдың сәуірі мен 2019 жылдың наурызы аралығында Астанадағы "Сарыарқа" ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін 2019 жылдың сәуір айында қала әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ал 2019 жылдың тамызынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін қалалық қоғамдық даму және ішкі саясат басқармаларына жетекшілік жасаған. Бұған қоса шаһар басшысының кеңесшісі міндетін атқарды.

Айта кетейік бұған дейін Бауыржан Сапар Ұлытау облысы полиция департаментінің басшысы болып тағайындалған еді.

Барлық жаңалық