Қарағанды облысында болған жол апатынан 29 жастағы футболшы, Көкшетаудағы Елім-Ай клубының ойыншысы Илья Буртовой қаза тапты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қайғылы оқиға Абай – Қарағанды тасжолында болған. Жол апатынан кейін спортшы ауыр жағдайда профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, футболшыны аман алып қалу мүмкін болмады.
Илья Буртовой кәсіби футболдағы мансабын 2015 жылы Шахтер-Булат құрамында бастаған. Кейін футзалға ауысып, Қарағандының Прогресс клубында өнер көрсетіп, Қазақстан кубогына қатысқан.
Сонымен қатар ол «Скаут» балалар футбол клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Бұдан бөлек, елдегі үздік әуесқой командалардың бірі саналатын FC BIRLIK сапында ойнап, өткен жылы шағын футболдан әлем чемпионатына қатысқан.
2025 жылы Илья Буртовой Елім-Ай клубының құрамында Қазақстан кубогы мен Бірінші лига матчтарында алаңға шыққан.
1996 жылы дүниеге келген спортшы 29 жаста болған.