Жаңалықтар

«Екі оқ басына тиген»: 21 жастағы сарбаздың жұмбақ өлімі қайта қаралуда

Бас әскери прокуратура Астанада қызмет барысында қаза тапқан 21 жастағы Ұлттық ұлан сарбазы Кайсар Сұлтановтың өліміне қатысты тергеудің барысын хабарлады. Бұған дейін сот-медициналық сараптама оның басынан екі оқ тигенін анықтаған еді, деп жазады Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.

 

Кайсар Сұлтанов елордадағы №6636 әскери бөлімінде қызмет еткен. Ол 2023 жылдың 9 қазанынан 10-ына қараған түні көз жұмған. Бір күн бұрын анасымен кездесіп, демалысқа шыққан. Анасы Сауле Тлеубергенованың айтуынша, ұлынан ешқандай күдікті белгі байқалмаған.Марқұмның анасы тергеу бірнеше рет тоқтатылып, қылмыс құрамының жоқтығы себепті іс үш мәрте жабылғанын айтады. Қазір тергеу қайта жанданып, Қылмыстық кодекстің 105-бабы – «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша жүргізіліп жатыр. Алайда анасы Кайсардың өз-өзіне қол салмағанына, оның өліміне басқа адамдардың қатысы бар екеніне сенімді. Оның айтуынша, кінәлілер әлі де Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүр.

 

Бас әскери прокуратура істі Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы қарап жатқанын мәлімдеді.

 

«Қазіргі таңда жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде, сот сараптамасы тағайындалды», – деді  өкілдер.

 

Алайда өзге мәліметтер жарияланбады. Прокуратура өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, тергеу деректерін жария етуге тыйым салынатынын айтты.

 

Сараптама қорытындысына сәйкес, Кайсар Сұлтановтың басынан екі рет оқ атылған.

 

«Бірінші оқ төменнен жоғары қарай атылған, жарақат өмірмен үйлеспейді. Сарапшылардың айтуынша, екінші оқ алты минуттан кейін жасалған. Бірақ бірінші жарақаттан кейін Кайсардың саналы әрекет етуі мүмкін емес еді», – дейді анасы Сауле Тлеубергенова.

 

Оның айтуынша, тергеушілер бейнебақылау жазбалары сақталған дискілерді бірден тәркілемеген, ал оларды алған кезде кейбір файлдар өшіріліп үлгерген. Сондай-ақ қарудан саусақ іздері алынбаған.Анасы Кайсар әскери бөлімде қару-жарақ ұрлығын байқап қойған болуы мүмкін деп болжайды. Сол себепті ұлын әдейі өлтірген деген пікірде.Отбасы істі «Адам өлтіру» бабына ауыстырып, бейнежазбаларды жойғандар мен тергеуді немқұрайлы жүргізгендердің барлығын жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Барлық жаңалық