Ақтаудың шетінде орналасқан демалыс базасында орын алған оқиға ата-аналарды шошытты. Lada.kz мәліметінше, 8 және 10 жастағы екі қыз ұйықтап жатқан бөлмеге түн ішінде жалаңаш ер адам кіріп кеткен деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Куәгерлердің айтуынша, бұл базада Ақтаудағы жүгіру клубының мүшелері отбасыларымен бірге демалып жатқан. 26 шілде күні кешке ересектер екі кішкентай қызды бөлек бөлмеге ұйықтатқан. Алайда түнгі сағат 4-тер шамасында күтпеген жағдай болды.
– Қызым айқайлап бөлмеден жүгіріп шықты. Көзінен қорқыныш сезіліп тұрды. Дауысқа жүгіріп келген ер адамдар бөлмеге кіргенде, төсекте жалаңаш ер адам жатқанын көрген. Ол орнынан атып тұрып, терезеден секіріп кетті. Біз бірден полиция шақырдық, – дейді қыздардың анасы.
Оқиға орнына келген демалушылар күдіктіні бүкіл база бойынша қуып, тоқтатуға тырысқан. Кейін анықталғандай, бұл адам – сол жерде демалып жатқан азаматтардың бірі. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол жеңіл дәрежеде мас болған.
– Сараптама оның мас болу деңгейі жеңіл екенін көрсетті. Бірақ ол балалардың бөлмесіне қалай кіріп, неге жалаңаш жүрген? Полиция қылмыс құрамы жоқ дейді. Бұл қалай болуы мүмкін? Балаларға бірдеңе болса не болар еді? Қазірдің өзінде бұл – олар үшін ауыр соққы. Біз бұл адамның психотроптық заттарды қолданғанын да тексеруді және әділ тергеу жүргізілуін талап етеміз, – деп ашынып отыр ата-аналар.
Олар бұл оқиға бойынша екі отбасы атынан ресми арыз жазғандарын айтты.