Алматы облысында туғаннан кейін бес күннен соң қаза болған нәрестенің өлімі Threadsжелісінде талқыланып жатыр. Марқұм сәбидің туыстары қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан болғанын айтып отыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Әлеуметтік желіде жазба жариялаған Бибінұр есімді әйелдің сөзінше, сәби дүниеге келер сәтте жарақат алған.
Босанатын әйелді зембілмен емес, мүгедектер арбасымен алып бара жатқан. Сол кезде нәресте құлап кеткен. Содан кейін де дәрігерлер ешқандай көмек көрсетпеді. Баланың жағдайы жақсы екенін айтып, анасына бере салған, – деп жазды Бибінұр.
Туысының айтуынша, келесі күні нәрестенің жағдайы күрт нашарлаған. Сәби емуден қалып, әрең тыныс ала бастаған соң басқа ауруханаға ауыстырылған.
Ол жақта балаға ота жасалды. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмады. Кейін дәрігерлер нәрестенің жарақатпен түскенін айтты, – дейді марқұмның туысы.
Оның сөзінше, қазір перзентхана әкімшілігі болған оқиға үшін жауапкершілікті өз мойнына алудың орнына кінәні босанған әйелге аударуға тырысып жатыр.
Туыстары барлық құзырлы органға жүгінетінін мәлімдеді.
Бибінұрдың сөзінше, дәрігерлер келіп, кешірім сұрап, кінәсін мойындаған.