2025 жылы отандастарымыздың алтынға деген қызығушылығын бәсеңдеткен жоқ. Керісінше, сұраныс артты – бір жылдың ішінде мыңдаған құйма сатылды. Ұлттық Банктің дерегі халықтың алтынды сенімді қорғаныс құралы ретінде қарастыра бастағанын көрсетеді, деп жазады Ozgeris.info.
Ұлттық Банк 2025 жылы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес айырбастау орындарына жалпы салмағы 889,5 кг болатын 27 807 өлшемді құйма сатты. Бұл – тек қаржы ұйымдарына өткізілген көлем. Ал халыққа нақты сатылған алтын бұдан да көп. Кері сатып алу операцияларын есепке алғанда, 2025 жылы азаматтар жалпы салмағы 1,1 т болатын 40 799 өлшемді құйма иеленген.
Ең белсенді қала – Алматы. Мұнда 20 526 дана құйма сатылған – бұл жалпы көлемнің 74%-ы. Астанада 1 650 дана – 6%, Шымкентте 1 099 дана – 4% сатылған. Қалған бөлігі өзге өңірлерге тиесілі. Яғни, негізгі сұраныс ірі мегаполистерде қалыптасқан.
Бағдарлама басталғалы бері сатылған алтын құймалардың жалпы саны 263 479-ға жетті. Олардың жиынтық салмағы – 9 т. Бұл қысқа мерзімдік науқан емес, бірнеше жылға созылған тұрақты қызығушылықтың нәтижесі.
Халық арасында ең танымал салмақ – 10 г. 2025 жылы сатылған көлемнің 26%-ы осы құймаға тиесілі – 67 833 дана. Одан кейін 5 г – 57 847 дана – 22%. 100 г құймадан 53 289 дана – 20% сатылған. 20 г құйма – 49 154 дана – 19%, ал 50 г – 35 356 дана – 13%. Демек, адамдар шағын көлемді құймаларды көбірек таңдағанымен, ірі салмаққа да сұраныс бар.
Алтын құйманы Halyk Bank, Еуразиялық банк, Alatau City Bank, ЦентрКредит Банкі арқылы сатып алуға немесе кері сатуға болады. Сонымен қатар банктік емес айырбастау орындары да бұл операцияларды жүргізеді. Ең бастысы – алтынды қайта өткізуге болады. Банк немесе айырбастау орны құйманы сол күні сатып алып, ақшасын төлейді. Өтімділіктің басты артықшылығы да осы.
Әр құйма арнайы қорғаныш элементтерімен шығарылады – айна беті бар, микротекст жазылған, бедерлі жиегі бар. Құйма механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынады. Сол қорап – бір жағынан сапа сертификаты. Қаптамасы бүлінсе, құнына әсер етуі мүмкін. Сондықтан Ұлттық Банк құйманы да, қорабын да мұқият сақтауға кеңес береді.