Белгілі энергетик, қоғам қайраткері Алтай Камалұлы Қадыржанов өмірден озды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қор мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың жиені, ХХ ғасырдың көрнекті инженері Алтай Қадыржановтың 83 жасында қайтыс болғанын мәлімдеді.
Марқұм Қазақстанның энергетикалық жүйесін қалыптастырып, оны нығайтуға үлкен үлес қосқан буын өкілі болатын. Оның басшылығымен елдегі негізгі энергетикалық нысандар дамып, жылу және электрмен жабдықтаудың жүйелі шешімдері қабылданды. Алтай Камалұлы КСРО-ның Құрметті энергетигі атағын алып, «Құрмет» орденімен марапатталған және ХХ ғасырдың көрнекті инженері ретінде танылған.
Дінмұхамед Қонаевтың жиені болғанына қарамастан, ол ешқандай артықшылықтарды пайдаланбаған және өз беделін тек білімі мен еңбегі арқылы дәлелдеген азамат еді. Сондай-ақ Алтай Қадыржанов қиын жылдары мәдениет пен ғылымды және ұлттық бастамаларды қолдаған меценат ретінде де белгілі. Ол 1942 жылы майдангер, жергілікті өнеркәсіп халық комиссары, алғашқы қазақ металлургтерінің бірі Камал Қадыржановтың отбасында дүниеге келген.
Қор өкілдері марқұмның туған-туыстары мен жақындарына және Қазақстанның барша энергетикалық қоғамдастығына көңіл айтты.