Алматы облысындағы Привольное мен Жалғамыс елді мекендерінің арасын жалғайтын тасжол нағыз қауіп ошағына айналды. Жақында ғана осы аумақта үлкен жол апаты тіркелді. Терең шұңқырлардың кесірінен көлік рөліне ие бола алмай қалған тұтас бір отбасы зардап шекті. Ең өкініштісі жарақат алғандардың арасында кішкентай балалар бар деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл аумақ құс фабрикасының маңынан өтіп тікелей Жалғамысқа апарады. Бірнеше жылдан бері асфальттың сиқы адам төзгісіз күйде жатыр. Жүргізушілер күн сайын көлігінің дөңгелегін жарып тасжолдың жиегінде қалуға мәжбүр.
Жол азабын тартқан ауыл тұрғындары талай рет дабыл қаққан. Олар E-Өтініш порталы арқылы құзырлы органдарға сан мәрте шағым түсірген екен. Бірақ жауапты тұлғалар бұл мәселені мүлдем елеусіз қалдырып отыр.
Қазір халықтың зәресі ұшқан. Дер кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілмесе келесі жолы бұдан да ауыр зардаптар болуы әбден мүмкін. Жол бойындағы жантүршігерлік жағдайларға нақты кім жауап беретіні әзірге белгісіз.