Атырау облысындағы бір отбасының ісін көпшілік назарына шығарған жергілікті журналист Жанат Молдашова өзіне белгісіз тұлғалар тарапынан қысым көріп, қорқыту сипатындағы қоқан-лоққыларға тап болғанын айтты. Бұл туралы Оzgeris.info сайты Alashorda.kz ақпарат агенттігіне сілтемемен хабарлайды.
Журналистің сөзінше, ол Қызылқоға ауданына арнайы іссапармен барған кезде мұндай жағдайға душар боламын деп мүлде ойламаған. Оның айтуынша, бұл өңірді бұрыннан тыныш әрі салт-дәстүрі сақталған ауылдардың бірі ретінде білген.
«Ауылға барған сәтте мұндай ауыр жағдайға тап боламын деп күтпедім. Өзім де ауылда өскен адаммын. Қызылқоға ауданы әрдайым қазақы қалпын сақтаған, тыныш өңір болып көрінетін. Сондықтан мұндай қатыгездікке куә болу мен үшін өте ауыр болды», – дейді ол.
Жанат Молдашованың айтуынша, сапар барысында екі егде жастағы азаматтың мәйіті өз қора-жайынан табылғаны жанына қатты батқан. Қалаға оралу жолы да оңай болмағанын жеткізді.
Осы оқиғадан кейін журналист түнгі уақытта белгісіз нөмірлерден қорқыту сипатындағы қоңыраулар мен хабарламалар ала бастаған. Хабарламаларда «ойыннан шығып кет» деген секілді қысым көрсететін сөздер жазылған.
«Журналист мамандығында жүрген адам әлсіздікке бой алдырмауы керек екенін түсінемін. Қылмыс пен түрлі оқиғалардың ортасында жүреміз. Бірақ бұл жағдай мен үшін моральдық тұрғыда өте ауыр тиді», – деп атап өтті журналист.