Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының түгелдей қырылып кетуіне қатысты қозғалған қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу амалдары мәресіне жетті. Бұл іс бойынша басты күдікті ретінде танылған Сұлтан Сарсемалиев өз кінәсін толық мойындап, қазіргі уақытта Атырау қаласындағы тергеу изоляторында сот шешімін күтіп отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты azh.kz ке сілтеп.
Ресми дереккөздердің хабарлауынша, айыпталушы қылмыстық істің барлық материалдарымен танысып шыққан. Ол бір үйдің төрт бірдей мүшесін өлтіру дерегі бойынша нақты мойындау көрсетпелерін берді. Осыған байланысты Сарсемалиевке ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша ресми айып тағылды.
Тергеу барысында бұл қылмыстың тек кісі өлімімен шектелмегені анықталды. Күдіктіге қатысты қосымша «Ұрлық» (188-бап) және «Алаяқтық» (190-бап) баптары бойынша да іс қозғалған. Анықталғандай, ол марқұмдардың мал-мүлкін заңсыз сатып қана қоймай, қаза болған жандардың банктік карталарындағы қаражатты да жымқырып үлгерген. Енді бұл істің соңғы нүктесін сот қоятын болады.