Атырау облысында жоғалып кеткен отбасыға қатысты жаңа деректер пайда болды. Бұл туралы Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзін желіде «Атыраулық хакер» деп таныстыратын қолданушы қолындағы мәліметтерге сүйене отырып, кезекті пікірін білдірген. Оның айтуынша, бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада отбасы мүшелерінің біріне тиесілі банктік картаның Бали аралында тіркелгені жөнінде ақпарат айтылған. Осы мәліметтен кейін банк қауіпсіздік шарасы ретінде отбасыға қатысты барлық банк шоттарын бұғаттаған.
Нәтижесінде аталған карталар арқылы төлем жасау мүмкіндігі толықтай тоқтатылып, оларды пайдалану мүмкін болмай қалған.
Сонымен қатар желі қолданушысы Наурыз бен Мейрамгүлді іздеу жұмыстары қазіргі таңда жүргізілмей жатқанын алға тартты. Оның сөзінше, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іздестіруді жалғастыруға қатысты жаңа сұраныстар түспегендіктен, іздеу шаралары уақытша тоқтатылған.
Осылайша, Наурыз бен Мейрамгүл әлі күнге дейін табылған жоқ. Ал көпшілікті толғандырған «Наурыз бен Мейрамгүл қайда?» деген сұраққа нақты жауапты, «Атыраулық хакердің» пайымдауынша, тек Сұлтан ғана білуі мүмкін.
Құзырлы органдар тарапынан бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.