Атырау облыстық перинаталдық орталығының медицина қызметкерлері ерекше жанашырлық танытып, тағдыры ауыр сәбиге қазақы дәстүрмен қырық күндік рәсім жасап берді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews. сайтына сілтемемен.
«Астана» телеарнасының мәліметінше, мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестені анасы перзентханада қалдырып кеткен. Осы себепті сәби үшін маңызды саналатын ұлттық салтты оның туған-туыстары емес, күн сайын күтім жасап жүрген дәрігерлер мен мейірбикелер атқарған.
Дәрігерлер қазақтың салтына сай баланы шомылдырып, шашы мен тырнағын алып, жаңа киім кигізген. Сонымен қатар бесікке салу рәсімінде дайындалатын дәстүрлі «тыштырма» әзірленіп, тәттілермен бірге таратылған. Медицина қызметкерлері сәбиді кезек-кезек қолына алып, оған мейірім мен жылулық сыйлады.
Игі істі ұйымдастыру үшін перинаталдық орталық ұжымы өзара қаражат жинап, барлық қажетті заттарды өз қаражаттарына сатып алған. Асханада бауырсақ пісіріліп, мейірбикелер баланың жаялығы мен киім-кешегін үйлерінен әкелген.
Облыстық перинаталдық орталық директорының міндетін атқарушы Гүлмира Әбікееваның айтуынша, бұл бастама ұжым үшін жай ғана дәстүр емес, тағдыры қиын сәбиге деген қамқорлық пен оның жарқын болашағына деген сенімнің көрінісі болған.