Астанадағы Қаламгерлер аллеясында болған келеңсіз жағдай әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің мүсінінің үстіне шығып алып суретке түскен қыздардың әрекеті қоғамның ашуын туғызып, көпшілік мұны ұлттық құндылықтарға деген құрметсіздік деп бағалап отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Оқиға туралы журналист Дүйсенәлі Әлімақын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның жариялаған видеосында екі қыздың «Үш арыс» композициясындағы Бейімбет Майлиннің мүсініне шығып отырғаны көрінеді.
«Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куә болдым. Қасына барып: «Бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?» деп сұрадым. Бірақ олар «Что? Что?» деуден ары аспады. Ешқандай ұялу да, кешірім сұрау да болған жоқ. Бұл басыну ма, әлде надандық па?» деп жазды Дүйсенәлі Әлімақын.

Айта кетейік, Қаламгерлер аллеясындағы «Үш арыс» композициясы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлинге арналған. Бұл тұлғалар қазақ руханияты мен әдебиетінің тарихында ерекше орын алады.
Әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаға байланысты Астана қаласының Полиция департаменті назар аударып, құқықтық баға беруі керек екенін айтып жатыр. «Мұндай әрекет жазасыз қалмауы керек», «Бұл – жай ғана мәдениетсіздік емес, тарихи тұлғаларды қорлау», «Ескерткішке шыққанды трендке айналдырып барамыз» деген пікірлер желіде көбейді. Сонымен қатар көпшілік Астана қаласының әкімдігіне тарихи ескерткіштердің жанына «Ескерткіш заңмен қорғалады» деген арнайы ескерту жазуларын орнату қажет екенін де айтып жатыр.
Желі қолданушыларының бір бөлігі мәселені жастар тәрбиесімен байланыстырады. «Бейімбет Майлиннің кім екенін білмейтін жастар өсіп келе ме?», «Бұл – рухани дағдарыстың көрінісі», «Тарихи тұлғаларға құрмет болмаса, қоғамның болашағы да бұлыңғыр» деген пікірлер әлеуметтік желіде кең тарады.
Әзірге оқиғаға қатысты Астана қаласының Полиция департаменті мен қала әкімдігі ресми пікір білдірген жоқ. Алайда бұл жағдай қоғамда тарихи мұраға құрмет, қоғамдық мәдениет және жастар тәрбиесіне қатысты қызу талқылауды қайта күшейтті.