Қоғам

Астанада жасанды интеллект бойынша әлемдік олимпиада өтеді

Астанада жасанды интеллект бойынша әлемдік олимпиада өтеді

Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин Қазақстанда жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада (IOAI) өткізу туралы келісімшартқа қол қойды, деп хабарлады Ozgeris.info сайты.

Биыл 2026 жылдың тамыз айында Астанада өтетін бұл беделді жарыс тарихта алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты жас мамандардың басын қоспақ.

Әлеуметтік желіде осындай жаңалықпен бөліскен Бағдат Мусин бұл шешімнің кездейсоқ емес екенін және отандық технологиялық экожүйенің өсіп келе жатқанын көрсететінін айтты. Оның сөзінше соңғы жылдары елімізде спорттық бағдарламалауды дамыту мен әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлаудың тұрақты базасы қалыптасқан.

Мәселен 2024 жылы Қазақстан ICPC бағдарламалаудан әлем чемпионатының финалын қабылдаса, 2025 жылы ұлттық құрама Қытайда өткен жарыста әлем бойынша төртінші орын алып, тарихтағы ең үздік нәтижелердің бірін көрсетті.

Сонымен қатар ол Жасанды интеллектті дамыту министрі Жаслан Мәдиевтің еңбегін ерекше атап өтіп, мемлекеттік саясат пен кәсіби қауымдастықтың бірлескен жұмысы жүйелі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Федерация өкілдері олимпиаданы өткізу тек мәртебелі халықаралық шара ғана емес, сондай-ақ дамудың стратегиялық құралы екенін алға тартады. Мұндай жарыстарға қатысу жаһандық таланттар нарығына тікелей жол ашады, өйткені ірі технологиялық компаниялар халықаралық финалдарды оқу кезеңінде жүрген мықты қатысушыларды жұмысқа қабылдау алаңы ретінде пайдаланады.

Бұдан бөлек қазақстандық мамандар жетекші әлемдік командалардың құрамына кіріп, жаңа деңгейдегі адами капитал экспорты артады. Сәйкесінше елге халықаралық серіктестіктер, университеттер мен технологиялық секторға инвестициялар көптеп тартылады. Бұл шара ішкі бәсекелестік пен маман даярлау сапасын арттырып, Қазақстанның аймақтық технологиялық хаб ретіндегі беделін қалыптастырады.

Астанада жасанды интеллект олимпиадасын өткізу елімізде жарияланған Жасанды интеллект жылымен тікелей байланысты және цифрлық экономиканы дамытуға бағытталған жүйелі саясаттың маңызды бір бөлігі саналады.

Бағдат Мусин өз жазбасында:

«Бұл жаһандық технологиялық бәсекелестік кезеңінде Қазақстанның сенімді серіктес ретіндегі үлкен мойындалуы», – деп жазды. 

Федерация бұл шара таланттарды, жаңа идеялар мен халықаралық серіктестіктерді тартатын орталыққа айналып, еліміздің әлемдік технологиялық картадағы орнын нығайта түсетініне сенімді.

Барлық жаңалық