Астанада таңертеңгі серуен кезінде тұрғындар ерекше көрініске куә болды: 60 жастағы ер адам орталық саябақта тыр жалаңаш күйде жүрген. Бұл туралы ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy сайтына сілтемемен хабарлады.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам Ұлттық теннис орталығы мен St. Regis қонақүйінің арасындағы жаяу жүргіншілер жолымен жүріп өткен. Аталған аумақ – қала тұрғындары көп жиналатын орын, әсіресе балалардың спорттық жаттығулары жиі өтетін жер.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушының жеке басы анықталған.
– Аталған оқиға бойынша полиция қызметкерлері 60 жастағы ер адамды ұстады. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары сотқа жолданды. Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген ведомство хабарламасында.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда тәртіп сақтау және басқа азаматтарға құрметпен қарау қажеттігін еске салды.
Азаматтың мұндай әрекетке не үшін барғаны әзірге белгісіз. Тиісті тексерулер жүргізіліп жатыр.