Алтын – ғасырлар бойы құнын жоғалтпаған сенімді актив. Әсіресе Қазақстан жағдайында оның рөлі ерекше. Себебі ұлттық валютаның тұрақсыздығы мен сыртқы экономикалық ықпалдар халықтың қаржысын қорғаудың баламалы жолдарын іздеуге мәжбүрлейді, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, алтынды тез пайда әкелетін құрал деп қарау қате.
«Алтын сақтандырудың бір түрі. Оның міндеті капиталды қорғау. Доллар 550 теңгеге таяп тұрған шақта бұл өте өзекті. Алтын валюталық құбылмалылық, инфляция, геосаяси тәуекелдер кезінде жинақты сақтап қалады» дейді сарапшы.
Досов алтынды портфельге қысқа мерзім үшін емес, үнемі ұстап отыруды ұсынады.
«Алтын активтері портфельдің тұрақты бөлігі болуы керек. Олар капиталдың сатып алу қабілетін сақтайды, басқа құралдар арзандағанда тепе-теңдікті ұстайды» деп түсіндіреді ол.