Жаңалықтар

Ақмола облысында суррогат ана мен ерлі-зайыптылар соттасты

Ақмола облысында суррогат ана мен ерлі-зайыптылар соттасты

Ақмола облысында ерлі-зайыптылар мен олардың болашақ сәбиін дүниеге әкелуі тиіс болған әйел арасындағы сот дауы аяқталды. Тараптар арасындағы келісім бойынша әйел суррогат ана болуға міндеттелген еді. Алайда тиісті төлемдерді алғаннан кейін ол емханаға келмей, процедураның бұзылуына себеп болған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Сот мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы екі тарап суррогат ана қызметіне қатысты шартқа отырған. Құжат бойынша екі рет ұрықтандыру мүмкіндігі қарастырылған. Алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталып, екінші кезең алдында отбасы әйелге 500 мың теңгеден астам қаражат аударған. Бұл ақша медициналық тексерістен өтуге, дәрі-дәрмекке, жол шығыны мен тамақтануға арналған болатын.

Бірақ 2025 жылдың наурызында жоспарланған процедура өтпей қалды. Суррогат ана клиникаға келмей, мұны денсаулығының сыр беруімен түсіндірген. Тіпті дәлел ретінде медициналық анықтамалар да көрсеткен. Дегенмен сот бұл уәждерді қабылдамады. Себебі әйел тексерістен келісімшартта көрсетілмеген мекемелерде және ақшаны алғаннан кейін ғана өткені анықталды.

Алғашқы сатыдағы сот әйелді 550 мың теңгені қайтаруға және отбасының шығындарын өтеуге міндеттеді. Кейінірек апелляциялық сот бұл шешімді ішінара өзгертті. Ерлі-зайыптылар талап еткен моральдық зиян өтемақысы алынып тасталды. Соттың түсіндіруінше, әйел эмбрионның тағдырына жауапты емес. Өйткені ол бөлек келісім негізінде сақталған, ал оның жойылуы суррогат ананың іс-әрекетімен тікелей байланысты емес деп танылды.

Қорытындысында әйелдің ақшаны қайтару туралы міндеттемесі күшінде қалды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Барлық жаңалық