📰 Сарапшылар пікірі

«Анама көмектесіп едім – тексеруге іліктім»: Мобильді аударымдар неге қауіпті болып барады?

«Анама көмектесіп едім – тексеруге іліктім»: Мобильді аударымдар неге қауіпті болып барады?

2025 жылдан бастап Қазақстанда мобильді ақша аударымдарын бақылау айтарлықтай күшейтілді. Басты себеп – көлеңкелі экономиканы азайту. Бірақ бұл бақылау аясында кімдердің шоты тексерілуі мүмкін? Ал жай ғана туысына көмек жіберіп жүрген азаматтар не істеуі керек?, деп сараптайды Ozgeris.info. 

100 адамнан ақша алсаңыз – назарға ілігесіз

Жаңа ережеге сай, егер бір адам үш ай қатарынан 100-ден астам түрлі адамнан ақша алып отырса, салық органдары оны бақылауға алуы мүмкін. Ал жалпы сома 255 мың теңгеден асса, бұл кәсіпкерлік қызмет белгісі деп танылуы ықтимал. Ең қызығы, бұл соманы тек бір айда емес, үш ай ішінде жинасаңыз да жеткілікті.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, мұндай жағдайлар көбіне тіркелмеген кәсіп иелерімен байланысты. Сондықтан тіркелмеген кәсіпкерге жүйелі түрде ақша түссе, бұл автоматты түрде «күдік» санатына кіреді.

Күнделікті өмірде көпшілігіміз ақша аудара отырып, оған “кофе үшін”, “рахмет”, “сыйлық” деген секілді жазбалар қалдырамыз. Алайда салық органдары бұндай түсініктемелерді ресми дәлел ретінде мойындамайтынын ашық айтты.

Бірақ заңгерлер бұған басқаша қарайды. Заңгер Сергей Уткин былай дейді:

«Мысалы, адам бұрынғы жұбайына алимент төлеп, оған ‘алимент’ деп жазса, бұл сотта нақты дәлел болады. Ал түсініктемесіз аударымдар дау туғанда сыйлық деп бағалануы мүмкін».

Банктер бұл жазбаларды көре алады, жүйеде сақтайды да. Ресми мәні жоқ болса да, қажет болған жағдайда зерттелуі мүмкін.

Мобильді ақша – бизнес емес, бірақ соған ұқсаса…

2025 жылдан бастап ай сайынғы аударым көлемі 12 ең төменгі жалақы (шамамен 300 мың теңге) көлемінен асса, бұл да автоматты түрде күмән тудырады. Мәселен, бір адамға үнемі 300 мың теңге жіберіліп отырса, салық органдары ақшаның қайдан келгенін сұрауы мүмкін.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл осыған қатысты былай түсіндірді:

«Егер бұл ақшаның шын мәнінде кәсіптен түспегенін дәлелдей алсаңыз еш қиындық болмайды. Мақсат – көлеңкелі бизнесті ашыққа шығару»,  дейді ол.

Бірақ бұл жауап көпшілікті қанағаттандырмады. Мысалы, кейбіреулер ата-анасына не студент баласына ай сайын ақша аударып отырады. Олар енді әр аударым үшін түсінік беруге мәжбүр ме?

 Кімдердің басы дауға қалуы мүмкін?

– Үш ай қатарынан 100-ден астам адамнан ақша алатындар

– Аударым көлемі 255 мың теңгеден асатындар

– Ай сайын 300 мың теңгеден көп ақша түсетіндер

– Түсініктемеде “қызмет”, “құжат” т.б. кәсіби сипаттағы сөздерді жазатындар

– Ресми түрде тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысатындар

Мұндай жағдайда 15-тен 100 АЕК аралығында айыппұл салынады. Ал табысын жасырып қалса  200% салық төлету қарастырылған.

Бұрын бір реттік аударымдар ғана тексерілсе, енді бірнеше операцияның өзара байланысы зерттеледі. Қаржы мониторингі агенттігі нақты бір аударымға емес, оның қайдан келіп, қайда кеткеніне, қандай жиілікпен қайталанғанына назар аударады.

ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов былай түсіндіреді:

 «Әр аударым заңды көрінуі мүмкін. Бірақ егер олар жиі және байланысты түрде қайталанса, бұл күмән тудырады. Мұндайда банк ақпаратты агенттікке жолдайды. Яғни енді банк сіздің әр аударымыңызды “логикамен” қарайды: кімнен, қанша рет, қандай аралықпен, қандай сипатта?»

Банк 24 сағатқа ақшаңызды бұғаттай алады

Тағы бір жаңалық – Ұлттық банк алаяқтықпен күресу үшін банктерге күдікті аударымдарды 24 сағатқа дейін тоқтатуға мүмкіндік бермек. Егер клиент барлық ескертулерге қарамастан күмәнді тұлғаға ақша жібергісі келсе, банк оны тоқтатып, бөлімшеге шақырады.

Бас банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов былай деді:

 «Клиент қатты психологиялық қысымға түсуі мүмкін. Сондықтан банк оны туысымен бірге бөлімшеге шақырып, шешімді саналы түрде қабылдағанын тексеруге құқылы».

Жаңа жүйе 2025 жылдың соңына дейін толық дайын болады. Жаңа салық ережелері біреуге  әділетті бақылау, екіншісіне артық жүктеме болып көрінуі мүмкін. Бірақ бастысы, кез келген адам шотына келіп жатқан қаражаттың қайдан, не үшін келгенін түсіндіре алуы тиіс.

 

Барлық жаңалық