Әлеуметтік желіде Алматыдағы колледждердің бірінде түсірілген видео қызу талқылануда. Видеода студент басының үстінде нысананы ұстап тұрады, ал оқытушы оған мылтықпен көздеп оқ атпақ болады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Желідегі тараған ақпаратта оқиғаның Алматы сәулет, дизайн және инженерия колледжінде, алғашқы әскери дайындық (АӘД) сабағы барысында болғаны айтылған.
“Сабақ барысында оқытушы студенттерді мылтықтың нысанасында тұруға мәжбүрлеген. Мұндай әрекеттер оқу үдерісіндегі қауіпсіздік талаптары мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу болып есептеледі”, – дейді видео авторлары.
Жағдайға қатысты колледж басшылығы ресми мәлімдеме жасады.
“Алматы сәулет, дизайн және инженерия колледжінде сабаққа қатысы жоқ оқиға орын алды. Оқытушының топпен бейресми қарым-қатынасы барысында штаттық оқ-дәрілер қолданылмай, жұмсақ затты (мақта) пайдалану арқылы пневматикалық мылтықтан оқ атылған, ешкімге зиян келтірілмеген. Аталған әрекеттер оқыту әдісі де, жазалау түрі де емес. Колледж әкімшілігі педагогикалық этика мен қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылғанын мойындайды”, – делінген хабарламада.