Әлеуметтік желілерде Алматыдағы жеке мектептің бір оқушысы 2 қыркүйек күні салтанатты жиыннан кейін өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Айтылған деректерге сәйкес, оқиғаға буллинг себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда полиция тергеу жұмыстарын бастап кетті.
TikTok-та жарияланған жазбада қыздың педагогтар мен кейбір ата-аналардың қысымына ұшырағаны айтылады. Пост авторының сөзіне қарағанда, ол жаңа оқу жылына қуанышпен келген, алайда сыртқы бейнесіне байланысты ұстаздар мен мектеп басшылығы тарапынан дөрекі сөздер естіп, қысым көрген. Жазбада тіпті оны қабырғаға соғып, ювеналды полиция шақыртқаны жөнінде де айтылған.
Қайғылы жағдайдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары әділдік талап етіп, мектептің 2GIS-тегі бағасын төмендету үшін арнайы акция ұйымдастырды. Қазіргі уақытта мекеменің парақшасында ондаған ашулы пікір жазылып, мектеп рейтингі ең төменгі деңгейге түсті.
Алматы қалалық Полиция департаменті оқиғаны растады. Ведомствоның мәліметінше, суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
«Қыздың бұл қадамға баруына нақты не түрткі болғаны анықталуда», – деп хабарлады полиция өкілдері.