Алматы қаласында жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 15 жастағы оқушыны қағып кетті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.Оқиға салдарынан жасөспірім түрлі жарақаттар алып, ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы 7 қазан күні Жандосов пен Береговой көшелерінің қиылысында болған. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі қарсы бағыттағы жолақпен қозғалып келе жатып, жолды кесіп өтпек болған оқушыны қағып өткен. Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жарақат алған баланың жағдайы туралы мәлімет берді.
«Зардап шеккен жасөспірім жедел түрде №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Нейрохирургтің тексерісінен кейін және қажетті зерттеулер нәтижесінде келесі диагноз қойылды: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы,бас пен беттің сондай-ақ сол тізе буынының жарақаттануы», – делінген ресми хабарламада.
Мамандардың айтуынша, баланың жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланған.
«Қазіргі уақытта пациент нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылып, қажетті еммен бақылау жүргізілуде», – деп қосты қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.