Әл-Фараби атындағы Алматы халықаралық әуежайында төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты MADENIPORTAL.KZ сайтына сілтеме жасап.
Әуежайдың ресми ақпаратына сәйкес, ішкі рейстерге арналған терминалда бір ер адам өзін жарақаттап, өміріне қол салмақ болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан қан іздері бар әжетхана мен жерде жатқан шыны бөтелке сынығы көрінеді.
Оқиғаға дер кезінде назар аударған әуежай қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, медициналық бригада келгенге дейін алғашқы көмек көрсеткен. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ер адамның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ, ол ауруханада бақылауда.
Алматы қалалық полициясы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала деректерге сүйенсек, ер адам Алматы – Астана бағытына билет алып, барлық тіркеу мен тексеру рәсімдерінен өткен. Алайда белгісіз себеппен ұшаққа отырмаған және шамамен төрт сағат бойы күту залында отырған. Кейін ол әжетханаға кіріп, өзіне қол салуға әрекет жасаған.