Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге міндеттелген Aitu мессенджерін алаяқтар пайдалана бастағаны белгілі болды. Желіде тараған видеода өзін «Диана» деп таныстырған әйел телефон арқылы хабарласып, қолданушыдан Aitu_pass нөмірінен келген алты таңбалы кодты айтуды талап етеді, деп жазады Ozgeris.info.
Әңгіме барысында ол код дұрыс берілмесе айыппұл салынатынын айтып, алдауға тырысқан. Дегенмен қоңырауға жауап берген азамат жалған код айтып, алаяқтықты әшкерелеген. Оператор рөліндегі адамның даусынан ойы іске аспағаны аңғарылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай схема жеке деректерге қол жеткізу үшін жиі қолданылады. Банктер де, мемлекеттік органдар да ешқашан SMS-кодты үшінші тұлғаға айтуды сұрамайды. Қауіпсіздік мақсатында кодты бөтен адамға бермеу туралы ескерту хабарламаның өзінде жазылады.
Айта кетсек, 12 тамызда Үкімет мемлекеттік органдардың толығымен Aitu мессенджеріне өтетінін мәлімдеген. Қосымшаны қазақстандық Kazdream Technologies IT-холдингі әзірлеген, ол BTS Digital экожүйесіне кіреді. Ал Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, мемлекеттік қызметкерлер үшін Aitu міндеттелуі құжат айналымындағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында жасалған қадам.