Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында Құрылтай депутаттарына қатысты, оның ішінде тұрғын үй мәселесі төңірегінде тараған алыпқашпа әңгімелер мен буллингке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министр Мемлекет басшысының мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің баспана мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өтті.
Мәлімдеменің негізгі түйіндері:
- Тұрғын үй бөлу тәртібі: Алғашқы жылдары пәтерлер редакциялар ұсынған тізім бойынша берілсе, қазіргі ережеге сәйкес, баспана тек меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана үлестіріледі.
- Түсініктеме беру міндеті: Мемлекеттік органдар мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған сұрақтар бойынша мүмкіндігінше қажетті түсініктемелер беруге тиіс.
- Журналистік әдеп: Әдейі арандату, қуалау, жеке басқа тиісу және айла-шарғы жасау кәсіби журналистке жараспайды. «Масс-медиа туралы» заңның 26-бабына сәйкес, кәсіби әдеп нормаларын сақтау — әрбір журналистің тікелей міндеті.
Аида Балаева барша БАҚ өкілдерін тек бекітілген аккредиттеу қағидалары мен регламентті емес, сонымен бірге кәсіби әдеп нормаларын да қатаң сақтауға шақырды.