Қоғам

Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бірқатар рейсін кері қайтарды

Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты бірқатар рейсін кері қайтарды

Air Astana әуе компаниясы Иранның әуе кеңістігі жабылуына және Таяу Шығыстағы тұрақсыздыққа байланысты ұшақтарын кері қайтарып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

28 ақпанда аймақтағы қарулы қақтығыстар салдарынан қазақстандық жолаушылар тасымалына өзгерістер енгізіліп, аталған бағыттағы ұшу сапарлары тоқтатылды.

Әуе тасымалдаушысының ақпаратына сүйенсек, Алматыдан Медина, Дубай және Дохаға, сондай-ақ Астанадан Дубайға бағыт алған ұшақтар ұшып шыққан әуежайларына қайта оралуда. Ал Алматыдан Дубайға ұшқан рейс Делиге бұрылса, Ақтаудан Дубайға бет алған FlyArystan әуе кемесі қосалқы әуеайлаққа қонуға мәжбүр болған. Сонымен қатар Таяу Шығыс бағытындағы барлық қалған рейстер уақытша толық тоқтатылған.

«28 ақпанда Таяу Шығысқа қалған рейстер тоқтатылды.

Air Astana компаниялар тобы жағдайды мұқият бақылап, жолаушыларды тасымалдау мәселелерін шешуде.

Жолаушылардан рейстердің мәртебесін тексеруді сұраймыз, себебі межелі әуежайларға ұшып шығу және ұшып келу уақытында өзгерістер күтілуде. Сатып алу орны бойынша Жидда, Медина және Дубайға билеттерді 6 наурызды қоса алғанға дейін тегін қайта брондауға және қайтаруға рұқсат етіледі», – деп хабарлады әуе тасымалдаушысы.

Еске сала кетейік, Америка Құрама Штаттары мен Израиль қарулы күштері Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер нәтижесіз аяқталғаннан кейін Иранға қарсы алдын ала жоспарланған әуе соққыларын бастаған болатын. Бұған дейін Дональд Трамп арнайы бейнеүндеу жариялап, Иранның алысқа ұшатын зымырандар жасап, өзінің ядролық бағдарламасын қайта қолға алуға тырысқанын айтқан болатын.

Барлық жаңалық