Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін арттыру саясаты сақталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, зейнет жасын ұлғайту уақытша тоқтатылғанымен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл процесс алдағы уақытта қайта жалғасады.
«Зейнет жасын одан әрі арттыру уақытша тоқтатылған болатын. Алайда ол кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізіледі және ерлердің зейнет жасымен теңестіріледі», – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол министрлік тарапынан егде жастағы азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бағдарлама аясында жұмыс берушілерге жалақының бір бөлігі субсидияланып, тәжірибелі мамандарды жұмысқа тарту көзделген.
Бұдан бөлек, аға буын өкілдері үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру шаралары да қарастырылған.
Виктория Шегайдың айтуынша, мұндай шешім жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшуге байланысты қабылданған. Себебі бұл жүйеде зейнетақы мөлшері азаматтың еңбек өтілі мен аударымдарына тікелей тәуелді.
«Еңбек ету кезеңінің қысқаруы зейнетақы көлемінің азаюына әкеледі. Сондықтан зейнет жасын арттыру туралы шешім қабылданды», – деді ол.
Министрлік өкілінің сөзінше, бұл өзгерістер 2031 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Парламентте зейнетке шығу жасын еңбек өтіліне қарай белгілеу ұсынысы да көтерілген болатын.