Қазақстанда салынуы мүмкін атом электр стансасының маңында тұратын адамдар басқа жерге көшіріледі. Бірақ нақты қайда көшірілетіні әзірге айтылмады, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді. Оның сөзінше, атом электр стансасының айналасында арнайы санитарлық-қорғау аймағы болады.
«Ядролық энергетикалық қондырғыдан бастап кемінде бір шақырым аумақ болуы керек. Егер сол аймақта адамдар тұрса, олар көшіріледі», деді вице-министр.
Тағы бір маңызды мәселе – АЭС құрылысына ресми рұқсат әлі берілмеген. Вице-министрдің айтуынша, әзірге тек саяси шешім қабылданған. Енді жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қоршаған ортаға әсері толық зерттелуі керек.
«Алдымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Одан кейін қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізіледі. Тек содан соң ғана рұқсат беріледі», деді ол.