Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының бағасы тағы өсті. Бұған дейін билік жобаның құны шамамен 15 миллиард доллар болады деген еді. Енді сома 18,5 миллиард долларға жетті. Бұл – теңгеге шаққанда бірнеше триллион қаржы, деп жазады Ozgeris.info.
Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қаржының негізгі бөлігі екі энергоблоктың құрылысына жұмсалады.
«Инфрақұрылымды қоса есептегенде шамамен 16,5 миллиард доллар екі блокқа кетеді. Ал физикалық қауіпсіздік жүйесі мен әлеуметтік инфрақұрылымға тағы екі миллиард доллар жұмсалады», деді ол.
Яғни, мәселе тек реактор салумен шектелмейді. Атом электр стансасының айналасына жол, инженерлік желі, күзет жүйесі, арнайы қауіпсіздік нысандары мен қызметкерлерге арналған инфрақұрылым да салынады. Соның бәрі ақырында жоба құнын қымбаттатып отыр.
Бұған дейін Ресей Қазақстанға атом электр стансасын салуға шамамен 12,75 миллиард доллар көлемінде несие беруі мүмкін екені айтылған. Ол кезде жобаның толық құны 15 миллиард доллар деп көрсетілген болатын. Ал енді смета өскен соң, несие көлемі де өзгеруі мүмкін деген әңгіме шығып жатыр. Бірақ нақты шарттар әзірге жарияланған жоқ.
Қазір атом электр стансасының құрылысына ресми рұқсат әлі берілмеген. Әуелі жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қоршаған ортаға әсері толық зерттелуі керек. Тек содан кейін ғана құрылыс мәселесі түпкілікті шешіледі.