Жаңалықтар

Абай облысында АЭС пен ғылым қалашығы салынуы мүмкін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым мен технология жөніндегі кеңестің отырысында сөз сөйлеп, Абай облысында жаңа атом электр станциясын салу мүмкіндігін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

Мемлекет басшысы Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көпмақсатты зерттеу реакторын құру мәселесін қарастыру қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, институттың ғылыми әлеуеті елімізде жаңа наукоград қалыптастыруға негіз бола алады. Дегенмен Президент мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, миллиардтаған қаржы талап ететін жобаларды бейберекет қолға алмауға шақырды.

 

– Абай облысында АЭС салу жоспарына байланысты Курчатов қаласында ғылым қалашығын дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеу керек. Бұл іске Ұлттық ғылым академиясын, облыс әкімдігін және Ұлттық ядролық орталықты тарту маңызды. Сонымен бірге инженерлік және өндірістік нысандарды орналастыруға жағдай жасалып, ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін тиімді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін дайындау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Сондай-ақ Президенттің айтуынша, ерекше назар аударатын тағы бір маңызды бағыт – ядролық медицинаны дамыту.

 

– Заманауи ядролық технологияларды пайдалану денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттырады. Әсіресе онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларын емдеуде үлкен серпін береді. Үкіметке отандық радиофармпрепараттарды әзірлеп, қолданысқа енгізу және жетекші клиникалар мен университеттердің базасында ядролық медицина орталықтарының желісін құру тапсырылды, – деді Мемлекет басшысы.

Барлық жаңалық