Қарағанды облысы

22 жастағы жүргізуші оқиға орнында қаза тапты: Қарағанды трассасында жол апаты болды

Қарағанды мен Астананы жалғайтын республикалық маңызы бар тас жолда ірі жол апаты болды. Toyota Estima көлігі алда келе жатқан КамАЗбен соқтығысып, бір адам қаза тапты, тағы бір жолаушы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.

 

Оқиға таңғы уақытта тіркелген. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда минивэннің алдыңғы бөлігі толықтай қирап, сынықтар жолдың бойына шашылғаны көрінеді.Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 22 жастағы Toyota Estima жүргізушісі Қарағанды бағытына қарай қозғалып бара жатып, алдындағы КамАЗдың артқы бөлігіне соғылған.

 

«Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал жолаушысы ауыр жағдайда медициналық мекемеге жеткізілді», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.

 

Қазір апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, автотехникалық және сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу амалдары жалғасуда.Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жолда аса мұқият болуға және жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.

 

«Жоғары жылдамдықпен жүру кез келген сәтте адам өмірін қиюы мүмкін. Бір сәттік қателік орны толмас қайғыға әкеледі», – деп ескертті облыстық ДП өкілдері.

 

Айта кетейік, апат болған жол бөлігі Қарағанды мен елорда арасындағы ең қарқынды және қауіпті учаскелердің бірі саналады. Мұнда, әсіресе түнгі уақытта, жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі.

Барлық жаңалық