Теміртауда №107 бағыттағы қоғамдық көлікте екі жолаушы арасында жанжал шықты. Оқиғаға жолаушылардың бірінің автобус ішіндегі желдеткіш терезені ашуға талпынысы себеп болған деп жазады Оzgeris.info.
Алғашында ауызша басталған келіспеушілік көп ұзамай төбелеске ұласқан. Жанжал барысында 30 жастағы ер адам қалтасындағы пышақты шығарып, 18 жастағы жолаушының аяғынан жарақаттаған. Зардап шеккен жігіттің қан кету белгілері байқалған.
Оқиға салдарынан автобус дереу тоқтатылып, жедел жәрдем мен полиция шақырылды. Дәрігерлер келгенге дейін жолаушылар жараланған азаматтың аяғын шарфпен таңып, алғашқы көмек көрсеткен. Кейін жедел жәрдем бригадасы оқиға орнында медициналық көмек көрсетіп, зардап шеккен жолаушы ауруханаға жатқызылған жоқ.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары оқиға орнында 30 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша жан-жақты әрі объективті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы полиция департаментінің қатаң бақылауында.