Жаңалықтар

Қазақмыс кәсіпорындардың әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңғыртуға 2,4 млрд теңге бағыттады

Қазақмыс кәсіпорындардың әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңғыртуға 2,4 млрд теңге бағыттады

"Қазақмыс" корпорациясы өндірістік нысандарындағы әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту ісін қолға алды. Кәсіпорын жұмысшылар үшін заманауи, қауіпсіз әрі өте жайлы еңбек жағдайын жасауға ниетті. Бұл компанияның жүйелі түрде атқарып келе жатқан қызметінің бір бөлігі саналады. Осы мақсатта 2,44 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржыға әкімшілік-тұрмыстық корпустар, медициналық пункттер мен жатақханалар жаңартылады. Асханалар, жуынатын бөлмелер және түрлі зертханалар күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ауқымды бағдарлама Жезқазған, Балқаш, Қарағанды және Шатыркөл өндірістік кешендерін толық қамтиды. Жалпы алғанда жұмысшылар күн сайын пайдаланатын сексеннен астам нысанды жақсарту көзделген. Қазіргі уақытта кәсіпорындарда дайындық кезеңі аяқталуға жақын. Мердігер ұйымдар жұмылдырылып, құрылыс материалдары жеткізіліп жатыр. Ғимараттарды монтаждау жұмысына әзірлеу процесі бекітілген кестеге сай жүруде. Дайындық біткен соң барлық жерде жөндеу кезең-кезеңімен басталады.

Ең көп жұмыс "Q.I. Satbayev atyndagy Jezqazgan Tau-ken óndirisi" кешенінде атқарылады. Мұнда 38 нысанды жаңарту жоспарланған. Қазір Жезқазған байыту фабрикасының медициналық пункті мен МЭЖБ әкімшілік-тұрмыстық корпусында еңбек қайнап жатыр. Қалған ғимараттарда дайындық бітуге таяу. Ал "Balkhash Tau-ken óndirisi" кешенінде МЖМБ әкімшілік-тұрмыстық корпусы мен Саяқ кенішінің асханасы жөнделеді.

"Nurqazgan Tau-ken óndirisi" алаңындағы Нұрқазған кенішінің әкімшілік-тұрмыстық корпусында да құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. "Qaragayly Tau-ken óndirisi" кешеніне қарасты Абыз, Қажықонған кеніштері және Қарағайлы байыту фабрикасы әзірге дайындық кезеңінде тұр. Осыған ұқсас жағдай "Shatyrkol-Jaysan Tau-ken óndirisi" алаңында байқалады. Мұнда жоспарланған жөндеуді бастау үшін мамандар мен қажетті ресурстар жинақталуда.

Жалпы әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды дамыту корпорацияның басты басымдығы болып қала бермек. Жайлы тұрмыстық орта өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ол қызметкерлердің денсаулығын сақтап, жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыратын маңызды фактор. Сондықтан компания заманауи еңбек жағдайын қалыптастыруға үнемі инвестиция құйып келеді.

Барлық жаңалық