Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай депутаттарға берілетін қызметтік пәтер мен көліктен бас тарту мәселесіне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ ол отбасының мемлекеттен жәрдемақы алмайтынын айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Депутаттың сөзінше, 145 депутаттың арасында өңірлерден келгендер де бар. Олардың барлығының Астанада жеке баспанасы бола бермейді. Сондықтан елордада тұратын жері жоқ депутаттарға Нұрсая тұрғын үй кешенінен пәтер беріледі.
«Нұрсаядағы пәтерлер депутаттардың бірлесіп жұмыс істеуі үшін беріледі. Ал көлікке келсек, ол тек А нүктесінен В нүктесіне жету үшін шақырылады. Көлік үнемі күтіп тұрады деген сөз жоқ. Басқа депутаттар үшін жауап бере алмаймын. Астанада өз үйім жоқ. Мемлекет берген пәтерде тұрып жатырмын. Коммуналдық қызметтерді өзіміз төлейміз. Айына 50–60 мың теңге шығады. Пәтердегі әрбір затқа жауап бересің. Оны сол қалпында тапсыруың керек», – деді Наурыз Сайлаубай Құрылтай кулуарында.
Депутат өз отбасының мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, жәрдемақы шығынын қысқарту есебінен үнемделген қаражатты басқа салаларға бағыттау көзделген.