Жаңалықтар

Қазақмыс Жезқазғандағы «Жастар» саябағын ауқымды жаңғырту жұмысын жүзеге асыруда

Қазақмыс Жезқазғандағы «Жастар» саябағын ауқымды жаңғырту жұмысын жүзеге асыруда

Жезқазған қаласының тұрғындарын үлкен сыйлық күтіп тұр. Шаһардағы "Жастар" саябағы түбегейлі жаңарып, заманауи демалыс орнына айналады. Бұл жоба жергілікті халықтың тілегі мен бүгінгі абаттандыру талаптарын толық ескерген. Ескі саябақтың тарихи сұлбасы сақталғанымен, оның іші толықтай жаңа кейіпке енеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Жаңа қоғамдық кеңістіктің сәулеті Жезқазғанның қос мақтанышын паш етеді. Аймақтың мыс өндіру тарихы мен ғарыштық мұрасы бір-бірімен әдемі үйлесім таппақ. Демалыс орны ғаламшарлар, ғарыш траекториялары және металлургия тақырыбындағы көркем бейнелермен әрленеді. Түрлі арт-нысандар мен шағын сәулет мүсіндері аумаққа ерекше көрік береді.

Жалпы аумағы 6,4 гектарды құрайтын жерде отбасылық серуенге, спортпен шұғылдануға және қалалық іс-шараларды өткізуге барлық жағдай жасалады. Мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолақтар, жүгіруге ыңғайлы соқпақтар салынады. Заманауи субұрқақ, көлеңкелі демалыс аймақтары және балалардың ойын алаңдары бой көтереді. Ал қыс мезгілінде бұл жерде мұз айдыны жұмыс істеп, маусымдық көңіл көтеру орнына айналады.

Көгалдандыру ісіне де үлкен мән берілген. Саябақтың үш гектардан астам аумағы жасыл желекпен көмкеріледі. Мамандар дәл осы Жезқазғанның табиғаты мен климатына төзімді ағаштар мен бұталарды отырғызады. Өсімдіктерді үнемі күтіп баптау үшін автоматты суару жүйесі орнатылады.

Қазіргі таңда құрылыс алаңындағы ескі дүниелерді бұзу жұмыстары толық аяқталды. Жұмысшылар негізгі нысандардың іргетасын құюға кірісті. Алып құрылыс 2026 жылдың қазан айының соңында мәресіне жетіп, саябақ тұрғындар игілігіне беріледі.

Қалалық ортаны көркейтуге арналған бұл жобаның жалпы құны 4,9 миллиард теңгеден асады. Бұл "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ұлытау облысындағы әлеуметтік инвестициялық бағдарламасының тек бір бөлігі ғана. Компания биыл өңірдегі қоғамдық кеңістіктерді дамытып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін барлығы 30 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсайды.

Барлық жаңалық