Жаңалықтар

Қарағайлы байыту фабрикасына миллиардтар бөлінді: «Қазақмыс» ірі жобаны бастады

Қарағайлы байыту фабрикасына миллиардтар бөлінді: «Қазақмыс» ірі жобаны бастады

«Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Қарағайлы кентіне арнайы іссапармен барды. Жетекші өндіріс ошағына жасалған бұл қадам барысында Қарағайлы байыту фабрикасының бүгінгі тыныс-тіршілігі сараланды. Бұл ретте кәсіпорынның алдағы уақытта іркіліссіз жұмыс істеуін көздейтін инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымды жаңарту мәселелері талқылаудың негізгі өзегіне айналды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

«Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының құрамындағы бұл фабрика маңызды өндірістік күш болып саналады. Мұнда Абыз, Ақбастау және Қажықонған кен орындарынан жеткізілетін полиметалл шикізаты өңделеді. Кәсіпорынның қауқары жылына 1,4 миллион тонна кенді игеруге жетеді. Ал зауыт қабырғасынан шығатын басты өнімдер ретінде мыс және пирит концентраттары ерекшеленеді.

Нысандарды көру кезінде кәсіпорынды дамытудың ең маңызды қадамдары айқындалды. Мамандар сүзгілеу бөліміне жаңа жабдықтар алуды тездету, қалдық шаруашылығындағы қойыртпақ құбырын жаңарту жайын пысықтады. Сондай-ақ зауытты ауыз сумен қамтитын жүйені жаңғырту мен ұсақтау корпусын қажетті қосалқы бөлшектермен толықтыру ісі назардан тыс қалмады. Осындай ауқымды шаралар өндірістің күтпеген жерден тоқтап қалу қаупін сейілтіп, техниканың сенімділігін арттырмақ.

Өндіріс ошағын материалдық тұрғыдан жарақтандыру жұмыстары да жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Аталған филиалдың 2026 жылға арналған инвестициялық жоспары аясында қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алуға 5,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Осы қомақты қаржының 3 миллиард теңгеге жуығы тікелей Қарағайлы байыту фабрикасының қажеттілігіне жұмсалады. Ал қалған 2 миллиард теңгеге жуық сома Ақбастау, Абыз және басқа да кеніштердің үлесіне тиді.

Бұл қаржы өндірістегі бірнеше негізгі бағытты ширатуға жұмсалмақ. Атап айтқанда, сүзгілеу, ұсақтау және конвейерлік шаруашылық желілерінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар құбырлар мен сорғы желілері жаңартылып, электр жабдықтары мен кабель өнімдері сатып алынады. Бұл бағдарлама тау-кен және технологиялық құрылғылардың қосалқы бөлшектерін түгендеп, жұмыс барысының қауіпсіз әрі үздіксіз жүруіне септігін тигізеді.

Материалдық базаны нығайтудың тағы бір қадамы ретінде фабрикаға қызмет көрсететін жаңа тиеу техникасын сатып алу мәселесі алға тартылды. Бұл шешім жұмыс өнімділігін жеделдетіп қана қоймай, сырттан техника жалдау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапарының соңғы бөлігі Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан «Сосновый бор» учаскесін аралаумен түйінделді. Аталған нысан Қарағайлы байыту фабрикасының балансында тұр. Тұрғын үйлер, инженерлік инфрақұрылым, қазандық пен су-жарық жүйелерін қамтитын бұл аумақтың техникалық жағдайы мұқият тексерілді. Нәтижесінде ғимараттар мен желілерді кезең-кезеңімен жөндеу және жаңғырту бойынша алдағы жоспарлар белгіленді.

Тұтастай алғанда, Қарағайлы байыту фабрикасындағы бұл өзгерістер «Қазақмыс» Тобының ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының ажырамас бөлігі болып табылады. Компания өз активтерін жүйелі түрде жаңарту арқылы өндіріс тиімділігін арттыруды және қызметкерлер үшін заманауи еңбек жағдайын жасауды көздейді.

Барлық жаңалық