Жаңалықтар

Премьер-министр экспорттық әлеуеті жоғары жаңа жобалардың тізбесін ұсынуды тапсырды

Премьер-министр экспорттық әлеуеті жоғары жаңа жобалардың тізбесін ұсынуды тапсырды

Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,4%-ға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігін атап көрсетті. Жалпы ішкі өнім құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі кен өндіруші сектордан асып түсті. Осы қарқынды сақтап қана қоймай, одан әрі еселей түсу керек. Жаңа кластерлерді құру өнімді жоғары деңгейде өңдеу жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,4%-ға артты. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары көрсеткіш, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, экономиканы әртараптандыру және өсім жоспарларын орындау үшін өндірістік қуаттарды арттырып, шикізаттық емес секторда терең өңдеуді дамытатын нақты іс-шаралар қажет. Ең перспективті бағыттарды айқындап, мол өнім беретін әрі экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет.

- Аталған шаралар сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан экономиканың тұрақтылығын күшейтіп, экспорттық әлеуетті арттырады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерге сай келетін заманауи индустриялық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан нақты өндірісті қолдау, инвесторларды тарту, озық цифрлық технологияларды іске қосу бағытында барлық қажетті шаралар қабылдануға тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Бұл тұрғыда Премьер-министр өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажет екенін айтты.

- Кейбір бағыттар бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым, яғни бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді. Біздің мақсатымыз – жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл орайда жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны және экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсынуды тапсырамын. Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуға тиіс. Салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер перспективті инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен, ресурстармен, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етсін, - деді Олжас Бектенов.

 

Барлық жаңалық