Астана қаласында ұзақ уақыт бойы тұрғындардың мазасын қашырған силикат зауытының тағдыры түпкілікті шешілді. Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы кәсіпорын ғимараттарының толықтай сүрілетінін ресми түрде растады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
"Өнеркәсіптік" тұрғын үй алабының халқы бұл мәселені осыдан бес жыл бұрын көтерген. 2019 жылы олар қала басшылығынан зиянды өндіріс орнын елді мекеннен аулаққа көшіруді жаппай талап етті. 2022 жылы әкімдік пен Экология министрлігі сот арқылы кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға қол жеткізген болатын. Ол кезде жоспардан тыс тексеріс барысында экологиялық нормалардың өрескел бұзылғаны анықталды.
Соттың тыйым салғанына қарамастан қала тұрғындары зауыттың әлі де жұмыс істеп тұрғанына шағымдануды тоқтатқан жоқ. Ғаламтордағы карталар мен анықтамалықтарда кәсіпорынның қызметі туралы жағымсыз пікірлер жиі жазылып жүр.
Бейінді басқарма бұл жағдайға қатысты нақты түсініктеме берді. Заңды күшіне енген сот шешіміне сәйкес зауыт нысандары мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде тәркіленеді. Елорданың оң жақ жағалауында өнеркәсіптік аймақтарды жаңарту көзделгендіктен, бұл аумақ қаланың жаңа бас жоспары аясында толықтай тазартылады.