Атырау облысы Жангелдин ауылындағы Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты тергеу барысында қылмыстың аса қатыгездікпен және ұзақ уақыт бойы жасалғаны анықталды. Прокуратураның мәліметінше, күдікті Сұлтан Сарсемалиев құрбандарын бір мезетте емес, араға бірнеше ай салып өлтірген деп хабарлайды ozgeris.info сайты azh.kz ке сілтеп.
Тергеу болжамы бойынша, Сарсемалиев алғашқы құрбаны Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында мерт қылса, қалған үш адамды қараша айында бауыздап кеткен. Сараптама қорытындысы күдіктінің ақыл-есі дұрыс екенін және өз әрекеттеріне жауап бере алатынын растады.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, қаза болғандардың денесінде ас үй пышағымен салынған көптеген жарақаттар бар.
«Әрбір марқұмның денесінде, атап айтқанда кеуде, мойын тұсында және өмірлік маңызы бар мүшелерінде алты және одан да көп пышақ ізі қалған», — деп нақтылады ол.
Бұл істе күдіктінің әйелі әрі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның рөлі әлі де түсініксіз болып қалуда. Атыраудағы мамандар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, ол Алматы қаласында қайтадан сот-психиатриялық сараптамадан өтетін болды.
Қазіргі таңда марқұмдардың туыстары бұл істің бүге-шігесіне дейін ашық айтылуы үшін сот процесінің жариялы түрде өтуін талап етіп отыр. Тергеу амалдары аяқталуға жақын, қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін.