Politico.kz хабарлауынша, «Байтақ» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы міндетін атқарушы Ерәділ Үббиниязов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, өңірдегі жағдайға алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Үббиниязовтың айтуынша, облыста мемлекеттік бағдарламалар мен Президент тапсырмалары толыққанды жүзеге аспай отыр. Ол мәселелердің шешілмеуіне байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сынға алып, арнайы комиссияны орталықтан жіберуді сұрады.
«Біз азаматтардан көптеген арыз-шағым аламыз. Өкінішке қарай, бұл түйткілдер облыс деңгейінде шешілмей қалып жатыр. Сіздің тапсырмаларыңыздың 90 пайызы орындалмаған», - деді партия өкілі.
Бейнеүндеу барысында Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Үббиниязовпен телефон арқылы байланысып, партия өкілдерінің әлеуметтік желідегі жазбаларында Ақорда мен Мемлекет басшысының ресми парақшаларын белгілейтініне наразы екенін жеткізді.
Партия белсенділері жуық арада елордаға барып, аталған мәселелерді тікелей көтеруді жоспарлап отыр.