Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылының халқы он жылдан бері ауылға апаратын кірме жолдың машақатын көріп келеді. 2023 жылы жол құрылысына 1 миллиард 984 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталғанымен, былтырғы көктемде болған су тасқыны салдарынан жасалған құрылыс толығымен бүлінген.
Жаңбыр жауса болды, жол балшыққа батып, көлік қозғалысы қиындап кетеді. Ауыл тұрғындары бұл жағдайға әбден налиды. Айтуларынша, шұрқ-тесік жолда жүру мүмкін емес. Көліктер бірін-бірі сүйрелеп, «жедел жәрдем» қызметінің өзі әрең жетеді. Такси жүргізушілері жолдың нашарлығынан ауылға келгісі жоқ. Тұрғындар билікке талап-тілектерін ашына жеткізіп, мәселені шешуді сұрап отыр.
– Жол азабын күнде көріп жүрміз. Қар ерігенде немесе жауын-шашында мүлде қатынау қиындап кетеді. Атырауға барып-келіп жұмыс істейміз, күнде бір азап. Тіпті бір жолы көлік апаты болып, бір отбасы қырылып қала жаздады, – дейді ауыл тұрғыны Жұмагүл Сұлтанова.
Ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын кірме жол Талдыкөл тұрғындарының басты мәселесіне айналған. Қазір ауылда 1230 адам тұрады. Көбі Атырау қаласына барып-келіп, күн көріс қамын жасайды. Жол жағдайының қиындығы әсіресе көктемде және күзде, лайсаң кездерде халықтың өмірін одан әрі ауырлата түсуде.
Бұған дейін қолға алынған жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілгендіктен, тасқын суға төтеп бере алмаған. Асфальт жабындысымен қоса жолдың төменгі қабаты да шайылып кеткен. Ауыл тұрғындары билікке мәселені шешуді бірнеше мәрте талап еткен.
– Бөлінген қаржы қайда кетті? Су тасқыны болғаны анық, бірақ сапалы жол болса, бұлай бүлінбес еді ғой! Бізге тез арада нақты шешім керек, – дейді ашынған тұрғындар.
2023 жылы басталған жөндеу жұмыстары бойынша Махамбет аудандық ТҮКШ бөлімі мен мердігер «АВС Лимитед» ЖШС арасында келісім жасалып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған еді. Жоба бойынша жолдың толықтай жөнделуі 2024 жылға жоспарланған болатын. Алайда тек 500 метр ғана жол салынды. Кейін су тасқыны салдарынан жолдың негізгі қабаты зақымданып, жұмыстар тоқтатылды.
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Асхат Аймұратовтың айтуынша, құрылыс конструкциясының бүлінуіне байланысты жоба қайта қаралып, түзетулер енгізілген. Жаңа сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық бюджеттік комиссияның қарауына жіберілді.
Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жобаға қосымша жұмыстар енгізілген. Олардың қатарында тас жолдың негізгі қабатын қайта өңдеу (ресайклирование), 12 дана темір-бетон су өткізу құбыры орнату, 4 жерден мал өткізетін өткел салу қарастырылған. Сонымен қатар Сарыөзек аумағында жаңа көпір салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалып, комиссия шешімі күтілуде.
— Комиссия оң шешім қабылдаса, құрылыс жұмыстары қайта басталады, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаев.
ПІКІР ЖАЗУ