📰 Сарапшылар пікірі

Заманауи соғыс картасы: Әлемнің тыныштығын бұзған қанды қақтығыстар мен босқындардың тағдыры

Заманауи соғыс картасы: Әлемнің тыныштығын бұзған қанды қақтығыстар мен босқындардың тағдыры

Бүгінгі таңда әлем қиын кезеңдерді бастан кешіруде. Статистика бойынша дүниежүзінде 46 қарулы қақтығыс жүріп жатыр. Бұл өткен ғасырдың бірінші жартысындағы, екі дүниежүзілік соғыс кезіндегіден де көп. Соңғы жаңалықтарға қарағанда, қақтығыстар жиілеп келеді. Тек Ресей мен Украинада ғана емес, Үндістан, Ауғанстан, Ямайка, Филиппин секілді алыс аймақтарда да қарулы қақтығыстар орын алуда. Кейбір елдерде бұл соғыстарға жекеменшік әскери компаниялар, кейбірінде жаңа дәуірдің қарақшылары қатысуда.

Швециядағы және бүкіл Скандинавиядағы ең көне Уппсала университетінің зерттеу орталығы әлемдегі зорлық-зомбылық деңгейін үздіксіз бақылап отырады. Сол деректерге сүйене отырып, соңғы бір жылда бейбіт халықтың өліміне әкелген ірі соғыстар мен қақтығыстар туралы Ozgeris.info тілшісі зерттеп көрді.

 Ресей мен Украина арасындағы соғыс

Бұл соғыс посткеңестік елдердің өмірін “соғысқа дейінгі” және “соғыстан кейінгі” кезең деп екіге бөлді. Соғыстың тамыры 2013 жылдың соңындағы Еуромайдан оқиғасынан басталады. Сол кездегі Украина президенті Виктор Янукович Еуропалық одақпен жақындасуға уәде беріп жүргенде, кенеттен келісімге қол қоюдан бас тартты. Бұл шешімге наразы халық, әсіресе студенттер Киев орталығында бейбіт шеруге шықты. Бірақ 2013 жылдың 29 қарашасы мен 30 қарашасына қараған түні арнайы жасақ Беркут палаткаларды күшпен тарқатты. Осы сәттен бастап бейбіт шеру үлкен халықтық толқуларға ұласты. Нәтижесінде Янукович биліктен кетіп, ел екіге  бөлінді. Бірі жаңа билікті қолдаса, екіншісі оны заңсыз төңкеріс деп санады. Аталмыш бөлініс әсіресе Украинаныңоңтүстігі мен шығысында орын алды.

2014 жылдың ақпанында Ресей әскері Қырымға кіріп, бірнеше күн ішінде түбекті бақылауға алды. Украина қарсылық көрсетпеді, ал 18 наурызда Қырым Ресей құрамына қосылды.

Сол жылы сәуір айында Украинаның шығысында қарулы қақтығыстар басталды. Ресейшіл күштер үкімет ғимараттарын басып алып, “тәуелсіз республикаларды” жариялады. 12 сәуір күні Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы полковнигі Игорь Стрелков қарулы топпен Славянск қаласын басып алды. Осы сәттен бастап соғыс ресми түрде басталды.

Украина әскері қарулы қақтығыстарға қарсы шықты. Жазға қарай соғыс қыза түсті, Украина әскерлері қарсыластарын шегіндірді. Бірақ тамыз айында Ресей тарапынан айтарлықтай көмек келе бастады. Украина мен халықаралық қауымдастық Ресейдің бұл қақтығыста тікелей қатысы бар екенін мәлімдеді. Қыркүйекте Минск келісімдері жасалды, бірақ атыс-шабысты толық тоқтату мүмкін болмады.

Соғыс 2022 жылы қайта өршіп, Ресей Донецк және Луганск “республикаларын” мойындап, 24 ақпан күні “арнайы әскери операция” жариялады. Қазір бұл қақтығыс әлемдегі ең қанқұйлы соғыстардың бірі саналады. Ресми емес деректерге қарағанда, барлығы 200 мың адам қаза тапқан, тек 2023 жылдың өзінде 100 мыңға жуық адам мерт болды.

“Хочу жить” жобасы Ресей жағында соғысқан 661 қазақстандықтың тізімін жариялады. Жоба авторларының айтуынша, бұл тізімді ресейлік әскери басшылықтағы сенімді дереккөз берген. 2024 жылдың соңына дейін осы тізімдегі кемінде 78 адамның қаза тапқаны ресми расталған.

“Біз Ресей армиясы басшылығындағы “өз адамдарымыздан” Қазақстан азаматтарының тізімін алдық. Бұл адамдар Украинаға қарсы соғысып жүрген немесе соғысқан. Біз бұл тізімді ешқандай өзгеріссіз жариялап отырмыз. Біздегі мәлімет бойынша, 2024 жылдың соңына дейін осы 661 адамның ішінде кем дегенде 78-і қаза тапқан. Бұлар нақты қаза болған күні мен жерленген жері белгілі адамдар. Ресей армиясының шығынын есептеп жүрген еріктілер 2024 жылдың қазан айында Украинада қаза тапқан этникалық қазақтардың саны 3000-нан асқанын хабарлаған еді”, – делінген жобаның ресми мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, жоба авторлары Қазақстанда жалдамалылық қылмыс болып саналатынын ерекше атап өтті. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, басқа елдегі қарулы қақтығыстарға жалдамалы ретінде қатысу үшін 12 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ мүлікті тәркілеу қарастырылған.

Оқи отырыңыз:  «Ақша үшін соғысқа аттанған қазақтар»: Келісімшарт пен берілген уәделер артында не тұр?

Судан: Билік үшін қанды соғыс

Судан - Африкадағы ең ауыр азаматтық соғыстардың бірін бастан кешіріп жатқан ел. Бұл елде соңғы екі жылда билік үшін күрес қайта күшейді. Елді қазіргі уақытта әскери кеңес басқарады. Судан қарулы күштерінің басшысы әрі іс жүзінде ел президенті генерал Абдель Фаттах Аль-Бурхан мен оның орынбасары, жергілікті гвардия басшысы, Химети деген лақап атпен танымал генерал билікке таласып жатыр.

Әскерилердің бір бөлігі Аль-Бурханды, екінші бөлігі Химетиді қолдайды. Халық та екіге бөлініп, бір-біріне өшпенді болып кеткен. Қақтығыс 2023 жылдың сәуірінде басталып, қазіргі уақытта Африкадағы ең қанды соғыстардың біріне айналу қаупі бар. Соғыста мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тауып, миллиондаған адам босқынға айналды.

Гаити: Қылмыс билеген ел

Гаити - Кариб теңізіндегі кедей елдердің бірі. 2020 жылдан бастап мұнда қылмыстық топтар елді бақылауына алып, билікті басып алды. Үкімет елге толықтай бақылау жүргізе алмай отыр.

2023 жылдың өзінде Гаитиде қылмыстық топтар 2 мыңнан астам адамды өлтірді. Мыңдаған адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды. Халықаралық қауымдастық жағдайға алаңдаушылық білдіргенімен, ешқандай нақты әрекет жасап жатқан жоқ. Сарапшылар Гаитиде тәртіп орнату мүмкін емес деп есептейді.

Эфиопия: Бейбітшілік үмітін сөндірген соғыс

Эфиопияда 2018 жылы премьер-министр Абий Ахмед Али билікке келіп, елде демократиялық реформалар бастаған еді. Осы үшін ол Нобель бейбітшілік сыйлығын алды. Бірақ көп ұзамай орталық билік пен Тыграй аймағындағы жергілікті элита арасында үлкен қақтығыс басталды.

2020 жылы азаматтық соғыс тұтанды. Қақтығыс барысында 2 миллион адам босқынға айналды, мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты.  Әсіресе әйелдерге қарсы жаппай зорлық-зомбылық туралы деректер жиі тіркелді. Бүгінге дейін бұл соғыс тоқтаған жоқ.

Мозамбик: Жаңа террордың ошағы

Мозамбик - Африканың оңтүстігіндегі 32 миллион тұрғыны бар мемлекет. Халықтың 20 пайызға жуығы мұсылмандар. Олардың ішінде 1,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам “Аш-Шабаб” деп аталатын террористік топтың мүшелері саналады.

Бұл топ “Ислам мемлекетінің” жаңа филиалы ретінде 2017 жылдан бастап елдің солтүстігінде исламдық көтеріліс ұйымдастырды. Олар шариғат заңдарын орнатқысы келеді. Елдегі 25 миллион христианға күшпен үстемдік жүргізуді көздейді. Қақтығыс басталғалы 2 800 бейбіт тұрғын қайтыс болды, 800 мыңнан астам адам босқынға айналды.

Камерун: Тіл үшін соғыс

Камерундағы азаматтық соғыс 2016 жылы басталды. Ал оның тамыры 1960 жылдарға барып тіреледі. Камерун Франциядан тәуелсіздік алған соң, елдің негізгі бөлігі француз тілінде сөйлесе, елдің бір аймағы, яғни Амбазония бұрынғы британдық аумақ болғандықтан, ағылшын тілінде сөйлейді.

Жылдар бойы бұл аймақ оқшауланып, орталық билік тарапынан қысым көріп келді. 2016 жылы Амбазонияға французтілді судьялар тағайындалғанда халық көтеріліп, наразылық басталды. 2017 жылы Амбазония тәуелсіздігін жариялады. Камерун президенті Пол Бийа бұл қадамды қабылдамай, қарулы қақтығыс басталды. Қазірге дейін азаматтық соғыс тоқтаған жоқ.

Чад: Тоқтамайтын соғыс

Чад елі 1958 жылы Франциядан тәуелсіздік алғаннан бері соғыс жағдайында өмір сүріп келеді. 2010 жылы президент Идрис Деби елдің барлық аймағын бақылауына алып, уақытша тыныштық орнатты. Алайда 2016 жылдан бастап қарулы оппозиция қайтадан әскери бекеттерге шабуыл жасап, азаматтық соғыс жалғасуда.

Йемен: Шексіз соғыс

Йеменде 2015 жылдан бері азаматтық соғыс тоқтамай келеді. Хуситтер қозғалысы елдің батыс аймағын басып алды. Президент Абд Раббу Мансур Хади Сауд Арабиясына қашып барып, араб коалициясын құрды. Коалиция Сауд Арабиясының басшылығымен Йеменге басып кірді.

Соғыс кезінде 150 мыңнан астам адам қаза тауып, 23 миллионнан аса адам зардап шекті. 2022 жылы Қытай арағайындық еткен келісіммен уақытша бітім жасалды. Алайда 2023 жылдың қаңтарында АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі Хуситтердің кемелерді басып алуына жауап ретінде елге 60-тан астам әуе соққысын жасады. Соғыстың қашан тоқтайтыны белгісіз.

Орталық Африка Республикасы: Бітпейтін азаматтық соғыс

Орталық Африка Республикасында 2012 жылдан бері азаматтық соғыс жалғасып келеді. Ел тәуелсіздік алған соң, билікке келген диктатор Жан Бедель Бакассо елді қатігездікпен басқарды. Бакассо биліктен кетсе де, елдегі саяси күрес тоқтамады.

2012 жылы мұсылман көтерілісшілері саналатын Селека тобы билікке ұмтылып, ел қайтадан соғыс өртіне оранды. Бүгінде үкімет елдің тек 20 пайызын ғана бақылауында ұстап отыр. Франция бейбітшілікті орнатуға тырысып жатыр, алайда әзірге нәтиже жоқ. Бұл елде ресейлік “Вагнер” жеке әскери компаниясы да белсенді әрекет етуде.

Ливия: Бейберекет соғыстар

Ливияда азаматтық соғыс 2011 жылы Муаммар Каддафиге қарсы көтеріліспен басталды. Батыс елдері Ливия оппозициясын қолдап, НАТО әскерлері Каддафи күштерін бомбалады. Каддафи биліктен құлатылып, өлтірілді.

Алайда бұл соғысты тоқтатқан жоқ. 2020 жылы Женевада уақытша бітім жасалды, бірақ 2022 жылы ел астанасы Триполиде қарулы қақтығыстар қайта басталды. Қазір Ливияда екі үкімет бар, ел әлі күнге дейін тұрақтылық таба алмай келеді.

Нигерия: Террор мен соғыстың ошағы

Нигерияда 2009 жылдан бері “Боко Харам” атты исламшыл лаңкестік ұйым елді үрейде ұстап отыр. Бұл топ христиан қауымдары мен үкіметке қарсы соғыс жариялады. Олар шариғат заңдарын орнатуды көздеп отыр. Одан бөлек Батыс мәдениетін толығымен жоймақ.

Нигерия үкіметі “Боко Харамды” террорлық ұйым деп танып, оларға қарсы соғыс жүргізуде. Осы уақытқа дейін 20 мыңнан астам адам қаза тауып, 2 миллионнан аса адам босқынға айналды.

Рио-де-Жанейро: Қылмыспен соғыс

 Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 2006 жылдан бері полиция мен есірткі картельдері арасында үздіксіз қақтығыстар болып келеді. Қаладағы бірнеше ауданды қылмыстық топтар басқарып отыр.

Күнделікті полиция рейдтері мен бандалардың қарулы шабуылдары қала тұрғындары үшін қалыпты жағдайға айналған. 2023 жылы қақтығыстар барысында 40-тан астам адам қаза тапты.

Мексика: Есірткі үшін қанды соғысы

Мексикада есірткі картельдерімен күрес 2006 жылы басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Алғашқы жылдары полиция ірі наркобарондарды жоюға қол жеткізді, бірақ содан кейін қылмыстық топтар қарапайым халық пен саясаткерлерге қарсы қанды қылмыстар ұйымдастыра бастады.

Тек 2016 жылдың өзінде ғана есірткі соғысында 20 мыңнан астам адам қаза тапты. 2023 жылы бұл соғыстың құрбандары 7 мыңнан асты.

Парагвай: Социалистердің қарулы күресі

2005 жылдан бері Парагвайда “Парагвай Халықтық Армиясы” атты социалистік топ билікке келуге тырысуда. Бұл солшыл ұйым елде социализм орнатуды мақсат етеді.

Қару мен күш қолдану жолын таңдаған бұл ұйым 100-ден астам адамды өлтірді, бірақ өз мақсаттарына жете алмады.

Таиланд: Исламшыл сепаратистер

Оңтүстік Таиландта 2004 жылдан бері исламшыл топтар Таиландтан бөлініп, тәуелсіз мемлекет құруды немесе Малайзияға қосылуды көздеп келеді. Яла, Паттани және Наратхиват аймақтарында ислам діні мен мәдениеті басым болғанымен, Таиландтың ресми саясаты буддизмге негізделген.

20 жыл ішінде исламшылдар Таиландта бірнеше рет террорлық шабуылдар жасап, 7 мыңнан астам адамның өмірін қиды.

Руанда және Конго: Бітпейтін этникалық соғыс

1994 жылы Руандада болған геноцидтен кейін тірі қалған Тутси халқы көрші Конгоға қашып барып, сонда жаңа қақтығыстарға ұласты. 2004 жылы генерал Лоран Нкунда Конгоның шығысындағы Гома қаласын басып алуға әрекет жасады. Бұл аймақта бүгінге дейін қақтығыстар тоқтаған жоқ.

 Пәкістан: Талибандардың шариғат үшін соғысы

Пәкістанда 2007 жылдан бері Талибандар үкіметке қарсы соғыс жүргізіп келеді. Олар Ауғанстандағыдай қатаң шариғат заңдарын енгізуді талап етуде. Бұдан бөлек, Пәкістанда бірнеше радикалды топтар бар, олар үкіметке қарсы террорлық шабуылдар жасап келеді.

2023 жылдың қаңтарында Пешавар қаласындағы мешітте болған лаңкестік жарылыста 100-ден астам адам қаза тапты. Мұндай шабуылдар бұл елде жиі қайталанады.

Нигер өзені аймағы: Мұнай үшін қақтығыс

Нигерияның Нигер өзені атырауында 1990 жылдары мұнай өндіру басталған соң, жергілікті халық экологиялық апат пен өмір сүру жағдайының нашарлауына қарсы бейбіт наразылық ұйымдастырды. Бірақ олардың үндеулеріне билік пен шетелдік мұнай компаниялары жауап бермеді.

2000 жылдары бейбіт наразылық қарулы күреске ұласты. “Нигер Дельтасын азат ету қозғалысы” атты христиандық қарулы топ мұнай құбырларын жарып, мұнай компанияларының қызметкерлерін ұрлап отырды. Бұл әрекеттер салдарынан 2007 жылы елдің мұнай экспорты 25 пайызға қысқарды. Қазір қақтығыс бәсеңдесе де, аймақта мұнай ұрлау мен қарақшылық әлі де жалғасуда.

Ирак: АҚШ басып кірген соғыс

2003 жылы АҚШ Иракқа басып кіріп, елді тас-талқан етті. Ресми себеп Саддам Хусейн үкіметінің жаппай қырып-жоятын қаруы бар деген айып болды. Алайда мұндай қару табылмады. Саддам Хусейн сотталып, өлім жазасына кесілді.

Ирактағы соғыс елді тұрақсыздыққа ұшыратты. Бүгінгі күні елдің басым бөлігі тұрақталғанымен, солтүстіктегі кейбір аймақтарда әлі де қақтығыстар мен терактілер болып тұрады.

Магриб: Терроризмге қарсы соғыс

Алжир, Марокко, Мавритания және Тунис елдерінен тұратын Магриб аймағында 2002 жылдан бері исламшыл лаңкестік топтарға қарсы күрес жүргізілуде. Бұл өңірде “Әл-Каида” мен “Салафиттік уағыз және жиһад тобы” белсенді әрекет етеді.

Франция аймаққа әскер кіргізіп, терроризммен күресуде, ал Еуроодақ пен АҚШ қару-жарақпен көмек көрсетіп отыр.

Бангладеш: Терроризмнің жаңа ошағы

1999 жылдан бері Бангладеш үкіметі де терроризмге қарсы күрес жүргізіп келеді. Елде “Әл-Каида” мен “ИГИЛ” ұйымдарының жергілікті бөлімшелері әрекет етеді. Олар Бангладешті шариғат заңымен басқарылатын мемлекетке айналдыруды талап етіп отыр.

Уганда және Конго: Жихадистік қозғалыс

1995 жылы Конгоның шығыс джунглиінде “Демократиялық күштер альянсы” атты радикалды исламшыл топ пайда болды. Олар Уганда үкіметіне қарсы соғысты бастады. Уақыт өте келе бұл топ халықаралық террорлық ұйымға айналды. Қазіргі таңда олар Конго мен Уганданың кейбір аумақтарын бақылауда ұстап отыр.

Сомали: Жоғалған мемлекет

Сомали іс жүзінде 1991 жылдан бері мемлекет ретінде жұмыс істемейді. Ел бірнеше тәуелсіз аймақтарға бөлініп кеткен. Бір кездері АҚШ әскерлері Сомалиде тәртіп орнатуға тырысқанымен, нәтиже болмады.

Қазір Сомали “барлығы барлығына қарсы” соғысып жатқан аймақ. Әсіресе “Әш-Шабаб” радикалды тобы елдің біраз бөлігін бақылап отыр.

Таулы Қарабах: Көпжылдық қақтығыс

Таулы Қарабах - Армения мен Әзірбайжан арасындағы тарихи қақтығыс ошағы. Кеңес Одағы кезінде бұл аймақ Әзірбайжан құрамында болды, бірақ халықтың басым бөлігі армяндар еді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін екі ел арасында қақтығыс басталды. 2020 жылы соғыс қайта өршіп, Әзірбайжан бұрын бақылауында болмаған аумақтарды қайтарып алды. 2023 жылы армян күштері жеңіліп, Таулы Қарабахтың басшысы Самвел Шахраманян аймақтың Әзірбайжанның бір бөлігі екенін мойындады.

 Бірнеше күннің ішінде 100 мыңнан астам армян аймақтан көшіп кетті. Қақтығыста шамамен 400 адам және Ресейден келген 6 бітімгер қаза тапты.

Уганда: Құдайдың әскері

1986 жылы Угандада Джозеф Кони есімді өзін пайғамбар және әулие санайтын адам “Құдай армиясы” атты діни-сектанттық қозғалыс құрды. Ол Уганданы тек “он өсиетпен” басқарылатын мемлекетке айналдырғысы келді.

1987 жылдан бастап бұл топ қарулы күреске көшіп, елде жаппай соғыс бастады. Осы уақыт ішінде 100 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапты, 1 миллионнан астам адам босқынға айналды.

Сенегал: Казаманс қақтығысы

Сенегалдың оңтүстік-батысында орналасқан Казаманс аймағында этникалық және сепаратистік қақтығыс 1982 жылдан бері жалғасуда. Бұл аймақта негізінен Диола ұлты тұрады, ал Сенегалда басым ұлт Волофтар.

Диолалар өздерін қысым көріп жатыр деп санап, аймақтың тәуелсіздігін талап етті. 2000 жылы қақтығыс аздап бәсеңдеді, бірақ 2021-2022 жылдары қайта ушығып, әлі де ұсақ қақтығыстар жалғасып келеді.

Египет: Ислам терроризмінің ошағы

Египетте 1981 жылдан бері исламшыл террорлық топтармен күрес жалғасып келеді. “Әл-Джихад” сияқты ұйымдар АҚШ пен Израильдің аймақтағы ықпалына қарсы шықты және Египетте шариғат заңдарын қатаң енгізуді талап етуде. Билік оларды толығымен жоюға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отыр.

Перу: Партизан соғысы

Перу 1980 жылдан бері тұрақсыздықта өмір сүріп келеді. Әртүрлі радикалды топтар, солшыл партизан қозғалыстары билікке ұмтылуда. “Сендеро Луминосо” (Жарқын жол) коммунистік қозғалысы мен Тупак Амару революциялық қозғалысы елде партизан соғысын жүргізіп келеді.

Соңғы жылдары Перуде жыл сайын дерлік үкімет ауысып келеді. 2022 жылы Дина Болуарте президент болып тағайындалды, бірақ тұрақтылық орнай ма, белгісіз.

Ауғанстан: Тоқтаусыз соғыс

Ауғанстандағы қақтығыстардың тарихы өте ұзақ. 1978 жылы коммунистер билікке келді. Кеңес Одағы 1979 жылы Ауғанстанға әскер кіргізіп, 10 жыл соғыс жүргізді.

Кейін елде “Талибан” және “ИГИЛ” секілді исламшыл топтар күшейді. 2001 жылы АҚШ Ауғанстанға басып кірді, бірақ 2021 жылы әскерін әкетті. Қазір елдің көп бөлігін Талибан бақылап отыр.

Ангола: Кабинда қақтығысы

Анголаның Кабинда атты анклавы 1975 жылдан бері елден бөлінгісі келеді. “Кабинданы азат ету майданы” атты топ осы уақытқа дейін тәуелсіздік үшін күрес жүргізіп келеді. Қақтығыс әлі тоқтаған жоқ.

Батыс Сахара: Ұзақ жылдарлық тәуелсіздік күресі

Батыс Сахара 1970 жылдан бері өз тәуелсіздігі үшін күресіп келеді. Испания аймақтан кеткен соң, бұл аумаққа Мавритания мен Марокко таласты. Қазір аймақтың көп бөлігі Марокко бақылауында, ал Батыс Сахара халықаралық деңгейде толық мойындалмаған мемлекет ретінде өмір сүріп жатыр.

Қақтығыс әлі де шешілмеген.

Филиппин: Маоистер мен исламшылдар

Филиппинде 1969 жылдан бері маоистік коммунистік жасақтар елдегі билікке қарсы партизандық соғыс жүргізіп келеді. Олар жер-жерде террорлық шабуылдар жасап, әскери бекеттерге шабуылдайды.

Бұдан бөлек, елдің оңтүстігінде исламшыл топтар да тәуелсіздік үшін күресуде. Филиппин үкіметі оларға қарсы әскери операциялар жүргізуде, бірақ мәселе шешілген жоқ.

Үндістан: Коммунистік көтерілістер мен сепаратистік қақтығыстар

Үндістанда 1967 жылдан бері “нексалиттер” деп аталатын қарулы коммунистік қозғалысы бар. Олар социалистік жүйе орнату үшін терактілер мен қарулы шабуылдар ұйымдастырады.

Сондай-ақ елдің солтүстік-шығысында жеті штаттан тұратын аймақ 1954 жылдан бері Үндістаннан бөлініп, тәуелсіз болғысы келеді. Бұл аймақтағы сепаратистік топтар 70 жылдан бері қарулы партизан соғысын жалғастырып келеді.

Колумбия: Коммунистер мен есірткі картельдерінің күресі

Колумбияда 1964 жылдан бері азаматтық соғыс жүріп жатыр. Бұл қақтығыста әртүрлі саяси күштер, коммунистер және есірткі картельдер билік үшін күресуде. Олар кей кездері саяси партияларды да қолдап, елдің ішкі саясатына әсер етіп отыр.

Конго: Катангалық тәуелсіздік үшін соғыс

Конгоның оңтүстік-шығысындағы Катангалық аймақ 1960 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған. Конго үкіметі оны күшпен қайтарып алды, бірақ аймақтағы қарулы қақтығыстар әлі тоқтаған жоқ.

2010 жылы “Май-Май Ката Катанга” атты сепаратистік топ пайда болып, қақтығысты күшейтті. 2015 жылы аймақ ресми түрде жойылды, бірақ соғыс әлі жалғасуда.

Жаңа Гвинея: Тәуелсіздік үшін күрес

Папуа Жаңа Гвинеяның батыс бөлігі 1969 жылы Индонезия құрамына қосылды. Бірақ жергілікті папуастар бұл жағдайға қарсы шықты. Олар әлі күнге дейін қарулы тәуелсіздік күресін жалғастырып келеді.

Папуастардың шығыс бөлігі қазір жеке мемлекет болғанымен, батыстағы халық Индонезиядан толық бөлінуді қалайды.

Бирма (Мьянма): Тарихи азаматтық соғыс

Мьянмада 1948 жылдан бері азаматтық соғыс тоқтаған емес. Әуелі коммунистер мен этникалық азшылықтар орталық билікке қарсы шықты. 1962 жылы билікке әскери хунта келіп, елде әскери диктатура орнады.

2012 жылы кейбір бейбіт келісімдерге қол жеткізілгенімен, 2021 жылы жағдай қайта ушықты. Қазір Мьянмада бірнеше этникалық топтар мен үкімет күштері арасында соғыс жүріп жатыр.

Белуджистан: 80 жылдық күрес

Белуджистан - Пәкістан мен Иран арасындағы тарихи аймақ. 1948 жылы бұл аймақ Пәкістан мен Иранға бөліп берілді. Белуджи халқы осы уақыттан бері екі елге қарсы тәуелсіздік үшін күресіп келеді.

Белуджистандағы қақтығыс қазіргі уақытта әлемдегі ең ұзақ жалғасып келе жатқан соғыстардың бірі.

Израиль: 70 жылдан асқан қақтығыс

Израиль құрылған 1947 жылдан бері араб елдерімен соғыс жағдайында өмір сүріп келеді. 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС тобы Израильге ракеталық соққылар жасап, шекарадағы елді мекендерге шабуылдады. Израиль жауабында Газа секторына “Темір қылыштар” операциясын бастады.

Бір ғана күзде екі жақтан 10 мыңнан астам адам қаза тапты. Бұл қақтығыс әлі де жалғасып жатыр.

Израиль мен Иран арасындағы бүгінгі жағдай

Қақтығыс қазіргі уақытта өте қауіпті кезеңге жетті. 2025 жылдың маусым айында Израиль Қарулы Күштері Иран аумағындағы ядролық және әскери нысандарға ауқымды әуе және зымыран соққыларын жасады. Бұл операция барысында кемінде 100-ге жуық стратегиялық нысан жойылып, Иранның зымырандық және әуе қорғаныс жүйесіне айтарлықтай залал келтірілді. Сонымен қатар, бірнеше жоғары лауазымды әскери және ядролық сала мамандары қаза тапқаны хабарланды.

Жауап ретінде Иран бірнеше мәрте баллистикалық зымырандар мен дрондар арқылы жаппай қарсы шабуыл ұйымдастырды. Бұл соққылар Израильдің Тель-Авив, Хайфа, Бат-Ям және Ришон-ле-Цион қалаларына бағытталды. Израиль тарапы шабуылдардың 90%-дан астамын өз әуе қорғаныс жүйесімен тоқтатқанын мәлімдеді, алайда кейбір зымырандар мен дрондар нысанаға жетіп, азаматтық инфрақұрылымға елеулі залал келтірген. Израиль бұл шабуылдардан кейін Иран әуе кеңістігін бақылауға алғанын жариялады.

Қақтығыс өрши түскеннен кейін Иранның Тегеран қаласы мен өзге де ірі елді мекендерінен халық жаппай қашып жатыр. Халық арасында дүрбелең туындап, жанармай, азық-түлік және байланыс құралдарына сұраныс күрт өсті. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранға қарсы әскери әрекеттерді тоқтатпайтынын және “Иран режимінің барлық нысандары соққы астында қалады” деп мәлімдеді.

АҚШ бұл қақтығыста Израильге ашық қолдау білдіріп отыр. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ираннан “шартсыз берілу” талап етіп, АҚШ-тың әскери араласуы мүмкін екенін меңзеді. АҚШ-тың аймақтағы әскери күштері дайындықты күшейткен. Сонымен қатар, G7 елдері мен халықаралық қауымдастық тараптарды атысты тоқтатуға шақырды, алайда қазіргі жағдайда тараптардың бейбіт келісімге келуі екіталай.

Қақтығыстың салдары Таяу Шығыстың қауіпсіздігіне, халықаралық мұнай нарығына және жаһандық көлік жүйесіне кері әсер етіп жатыр. Аймақтағы бірнеше әуе компаниялары рейстерін тоқтатып, мұнай бағасы шарықтап барады. Батыстық ақпарат құралдары мен сарапшылар алдағы күндері қақтығыстың одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертуде. Бұл соғыс Израиль мен Иран арасындағы ғана емес, бүкіл аймаққа және әлемдік геосаясатқа әсер ететін аса күрделі дағдарысқа айналып отыр.

Үндістан мен Пәкістан: Кашмир дауы

Кашмир Үндістан мен Пәкістан арасындағы ең күрделі аймақ. Бұл аймақ үшін екі ел ХХ ғасырда үш рет соғысты, бірақ ешбірі түбегейлі жеңіске жеткен жоқ.

Бүгінде аймақ екіге бөлінген. Пәкістан жағынан келген қарулы топтар үнділік Кашмирге жиі шабуылдайды. Үнді әскері де қарсы жауап беруде. Бұл қақтығыс ресми соғыс болмаса да, тұрақсыздық жалғасып келеді.

Ямайка: Саяси соғыстар

Ямайкада 1943 жылдан бері Лейбористік партия мен Халықтық ұлттық партия билік үшін күресіп келеді. Бұл күрес кей кездері ашық қарулы қақтығысқа ұласады. Саяси қарсыластар арасында жиі атыс-шабыс орын алып, елде қылмыс деңгейі жоғары болып тұр.

Түркия мен Ирандағы күрдтер: Ұзақ жылдық соғыс

1920 жылы Түркия Севр келісіміне сәйкес, күрдтерге өз жерін бөлуге уәде берген еді, бірақ бұл орындалмады. Содан бері Түркияда күрдтер өз тәуелсіздігін талап етіп келеді. 1984 жылдан бастап Күрдтердің жұмысшы партиясы Түркияға қарсы партизандық соғыс жүргізіп келеді.

Ирандағы күрдтер де 1918 жылдан бері өз дербестігін талап етіп, партизандық күрес жүргізуде. Бірі толықтай тәуелсіздік алғысы келсе, енді бірі Иран құрамында, бірақ кең автономия алғысы келеді.

Ердоған: Түркия үлкен соғысқа дайындалып жатыр

Түркия президенті аймақтағы қауіптерге жауап ретінде елдің жаппай милитаризация бағытын ұстанатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркия жақын арада ешкім батылы жетіп қауіп төндіре алмайтын деңгейге жетуге ниетті. Елде қару-жарақ өндірісі басты басымдыққа айналған, әсіресе орта және алыс қашықтықтағы зымырандар жасауға ерекше көңіл бөлінуде.

Шын мәнінде, бұл Түркияның ресми түрде милитаризация бағытын жариялағанын білдіреді.

Түркия қазір тек аймақтық күш болуды мақсат тұтпайтыны анық. Енді басты сұрақ: келесі үлкен ойында Түркия кіммен және не үшін бетпе-бет келеді? 

Бүгінгі күні әлемнің әр түкпірінде ондаған соғыстар, қарулы қақтығыстар мен азаматтық соғыстар жүріп жатыр. Кейбірі жаңа басталса, енді бірі бірнеше онжылдықтардан бері жалғасуда. Әлемнің кейбір елдері үшін бұл қалыпты жағдайға айналғанымен, бейбіт өмірдің бағасын білетіндер үшін бұл өте ауыр шындық. 

Барлық жаңалық