🏛️ Саясат

Кеңес Рақышевтың бизнес жолы өзгеріп бара ма? 

Ел ішінде аты белгілі кәсіпкерлердің әр қадамы халықтың назарында жүреді. Соның бірі – Кеңес Рақышев. Кейінгі жылдары ол бірнеше активтен шығып,  негізгі холдингі саналатын «Fincraft Group»-тың қаржылық жағдайы нашарлап бара жатқаны жиі айтылып жүр. Биылғы деректерге қарасақ, холдингтің 9 айдағы шығыны 13,5 миллиард теңгеге жетіп, жылдар бойы жиналған минус 95 миллиард теңгеден асып кеткен. Мұндай жағдайдан кейін көп адамның ойында «Рақышевтың бизнесі қайда бағыт алып бара жатыр?» деген сұрақ пайда болды, деп жазады Ozgeris.info.

Былтыр «Fincraft Group» күтпеген жерден оң нәтиже көрсетіп, қаржылық есептілікте 37,5 миллиард теңге пайда жазып шыққан еді. Бірақ бұл пайда нақты табыс емес, инвестицияларды әділ құны бойынша қайта есептеудің нәтижесінде шыққан көрсеткіш болатын. Ал шын мәнінде 2023 жылы холдинг 50,7 миллиард теңге шығынға батқан. Биылғы деректерге қарасақ, жағдай бір жыл бұрынғыдай қайтадан минусқа қарай түсіп бара жатыр.

Компанияның қиындыққа тап болу себебі де белгілі. 2025 жылдың 9 айында холдингтің табысы бар болғаны 19,8 миллиард теңге болды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Оның үстіне негізгі табыс көзі болып келген «Кумколь Транс Сервис» компаниясында да екі жылдан бері мәселе бар. Мұнай бағасының арзандауы, «Сарыбұлақ» кен орнының табиғи сарқылуы мұнай өндіру көлемін қатты азайтқан. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, компанияның өзіне де қауіп төнуі мүмкін деген пікір жиі айтылады.

Ал холдингтің шығындары табыстан да жоғары. Проценттік шығындар проценттік табыстан екі есе көп болып шықты. Әкімшілік шығындар 10 миллиард теңгеден асып отыр. Яғни компания тапқан ақшасының жартысынан көбін өз ішіндегі жұмыстарға жұмсап қойып отыр деген сөз.

Осыған қарай отырып, Рақышевтың былтыр жасаған сатып алуларын еске түсіруге болады. Ол кезде холдинг активтер портфелін жаңарту үшін «Beineu Petroleum» компаниясының 40% үлесін және «Tethys Petroleum» фирмасының 26,95% үлесін алған еді. Сол сатып алулардың арқасында компания бір жылға болсын қаржылық көрінісін жақсартып алған. Алайда биыл дәл сондай деңгейдегі ірі сатып алулар болған жоқ. Сондықтан биылғы аудиттелген есепте әділ құнын қайта бағалау болмайды деген сөз. Бұл жағдай 2025 жылдың қорытындысында холдингтің тағы да үлкен шығын көрсетуі мүмкін екенін растай түседі.

Дегенмен Рақышев үшін жылы жұбататын бір жаңалық бар. Ол – «БТА Банк» активтеріне байланысты шығындардың азайып келе жатқаны. Бұрын жыл сайын холдингтің есептілігін нашарлатып келген осы шығындар бүгінде тек 165 миллион теңге көлемінде ғана қалған. Осыдан кейін «БТА Банктің» бұрынғы ауыр салмағы толық жойылады деген үміт бар.

Халықаралық рейтинг агенттіктерінің де пікірі өзгеріп отыр. Былтыр S&P «Fincraft Group» рейтингін «B/B» деңгейінде қалдырса да, болжамын «Тұрақтыдан» «Негативке» түсірген болатын. Ал кейін холдинг барлық рейтингтерін өз еркімен қайтарып алған.

Осындай өзгерістердің арасында Рақышев жаңа бағытқа бет бұрғанын аңғаруға болады. Ол Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында Fincraft Energy Holding Limited компаниясын тіркеді. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметі Kapital.kz-ке берген ресми жауабында кең көлемде түсіндіреді. Олар былай дейді:

«Fincraft Energy Holding Limited мұнай-газ жобаларындағы инвестицияларды шоғырландыру және басқару үшін құрылды. Оның негізгі міндеті – жұмыс істеп тұрған активтерді дамыту және барлау, өндіру, қайта өңдеу бағыттарындағы жаңа жобаларға қатысу. Астана халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) таңдауымыздың себебі – ағылшын құқығы қағидаттарына сүйенген құқықтық орта. Бұл жүйе инвесторлардың құқығын сенімді қорғайды және барлық рәсімдердің ашық болуын қамтамасыз етеді. Мұндай жағдай халықаралық әріптестердің сенімін арттырып, инвестиция тартуды жеңілдетеді».

Жаңа компания – Fincraft Group-тың 100% еншілес құрылымы. Жарғылық капиталы 50 миллион теңге, ал жалғыз акционері – Кеңес Рақышевтың өзі. Компанияның бас директоры Павел Мынжанов болып тағайындалған.

Рақышев соңғы жылдары басқа да активтерден шығып үлгерген. 2019 жылы БТА Банк (Қырғызстан) сатылған. БТА Банк (Украина) қазір сатылу процесінде. 2025 жылдың қазанында украиналық кәсіпкерлер Вячеслав Мишалов пен Дмитрий Шевчук банкті сатып алуға ниет білдіріп, рұқсат алған. Ал 2025 жылдың наурызында Рақышев Маңғыстаудағы Шалва кен орнында жұмыс істейтін ARK Petroleum компаниясындағы 50% үлесін де сатып жіберген. Осының бәрі оның бизнесіндегі үлкен өзгерістің белгісі.

Барлық жаңалық