💰 Экономика

Бай-бағландар халыққа не беріп жатыр?

Бай-бағландар халыққа не беріп жатыр?

Ranking.kz дерегінше, Қазақстанның ең ауқатты азаматтары елдің әлеуметтік өміріне белсенді араласып келеді.  Forbes.kz порталында жарияланған соңғы мәліметтерге сүйенсек, еліміздің ең бай он бизнесменінің барлығы әлеуметтік жобаларға қаржы бөліп жатқан көрінеді. Үңіліп көрелік, деп жазады Ozgeris.info.

Солардың ішінде ең ірілерінің бірі – Болат Өтемұратов. Ол он жылдан астам уақыт бойы өзінің атымен аталатын қор арқылы қайырымдылық істермен айналысып келеді. Өтемұратов қоры былтырғы жылы 51,9 миллиард теңге жұмсаған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп. Қордың ең танымал жобасы – «Аутизм. Баршаға арналған әлем» атты бағдарлама. Бұл жоба аясында еліміздің бірнеше аймағында аутизмге шалдыққан балаларға арналған 13 орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар қор соңғы жылдары Қызылорда әуежайының жаңа терминалын салуға, Есіктегі мектептің құрылысына, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге және тұрмысы төмен отбасыларға баспана алуға қаржы бөлді.

Вячеслав Ким де елдегі ең ірі меценаттардың бірі. Ол қаржыландырып отырған ANSA қоры былтырғы жылы екі мыңға жуық қазақстандыққа 20 миллиард теңге көлемінде көмек көрсеткен. Бұл қаражатқа Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап көпқабатты және жеке үйлер, сондай-ақ балабақшалар салынды. Сонымен қатар қор Baquatty Audan жобасын іске асырды. Бұл жоба ауыл тұрғындарының сапалы білім мен медицинаға қол жеткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама Целиноград ауданында басталып, оған 298 миллион теңге бөлінді. Кимнің қорының бастамасымен ауылдық аймақтарда Сельская педагогикалық академия мен 5 Sandyq орталығы ашылды. Осы бастаманың арқасында 450-ден астам медицина маманы қайта оқудан өтті. Ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер жабдықталып, бірнеше мектепке инклюзивті оқыту құралдары мен интерактивті панельдер, компьютерлер, қажетті дидактикалық материалдар жеткізілді.

ANSA қоры тек әлеуметтік жобалармен шектелмей, спортты да қолдап келеді. Қор Барыс хоккей клубының серіктесі ретінде балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға атсалысып отыр. Ал 2025 жылдан бастап Қазақстанның бочча федерациясының ресми серіктесі болмақ. Бұл бағытта қор ұлттық құраманы дайындауға және халықаралық жарыстар өткізуге қолдау көрсетеді.

Елдегі ең бай бес кәсіпкердің барлығының жеке қайырымдылық қоры бар. Олардың көпшілігі ашық жұмыс істейді, жыл сайын есеп беріп, қаржы айналымын жариялайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев меценаттарды дәл осындай ашықтыққа шақырып, соған байланысты «Қайырымдылық туралы» заңға да өзгерістер енгізілген болатын.

Қайырымдылықпен айналысып жүргендердің қатарында Astana Group холдингінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, қаржыгер Тимур Турлов және банкир Тимур Құлыбаев та бар. Құлыбаевтар әулетінің Halyk қоры елдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Қор аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, мектептер мен балабақшалар салып, дарынды жастарға білім гранттарын бөледі. Тимур Турлов болса, шахмат пен балалар футболын қолдауға ерекше көңіл бөледі. Сонымен бірге экологиялық жобалар мен жас таланттарға грант бөлу де оның басым бағыттарының бірі.

Forbes тізіміндегі алтыншыдан оныншы орынға дейінгі кәсіпкерлер Владимир Ким, Айдын Рахимбаев, Шухрат Ибрагимов, Андрей Лаврентьев және Кеңес Рақышев. Олар да әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асырып жүр. Алайда олардың жұмсаған нақты қаржы көлемі туралы ақпарат жиі жарияланбайды. Әдетте бұл деректер тек белгілі бір жоба аяқталғаннан кейін немесе БАҚ-та жеке мақалалар арқылы ғана белгілі болады.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің көбі жеке қорларынан бөлек, ортақ жобаларға да атсалысады. Соның бірі – Ана Үйі қоры. Бұл ұйым әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бағытында жұмыс істейді. Қордың қамқорлығымен Қазақстанның бірнеше қаласында Ана үйі орталықтары ашылып, қиын жағдайға тап болған аналарға қолдау көрсетіледі. Осы бастамаға Шухрат Ибрагимов пен Андрей Лаврентьев секілді кәсіпкерлер үлес қосып, әрқайсысы белгілі бір қаланың Ана үйінің шығындарын өз мойнына алған.

 

Барлық жаңалық