Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда аккаунт ашуына тыйым салуды көздейтін жаңа заң жобасы қоғам талқысына ұсынылды деп жазады Оzgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен. Құжат “Онлайн-платформалар мен массмедиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасында көрсетілген. Жобаның әзірлеушісі – Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Заң жобасында “Онлайн-платформалар және онлайн-реклама туралы” заңға жаңа 10-1-бап енгізіледі. Онда былай делінген:
“Он алты жасқа дейінгі пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салынады. Тек жедел хабар алмасу сервистеріне тіркелуге рұқсат” (жоба, 11-бап, 5-тармақ — жаңа 10-1-бап).
Бұл талап күшіне енсе, 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде, видеохостингтерде, контент платформаларда аккаунт ашуға болмайды. Жалғыз ерекшелік мессенджерлер.
Aтап өтілгендей, бастаманың мақсаты балаларды зиянды, құқыққа қайшы контенттен қорғау.Құжат 2025 жылдың 28 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін әзірленген. Жиында интернет-платформалардың деструктивті контентті таратуына қатысты жауапкершілікті заңмен бекіту мәселесі көтерілген.
Министрліктің айтуынша, жас шектеуін енгізу келесі нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған: Құқыққа қайшы контент көлемін азайту; Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін күшейту; Цифрлық нарықтағы отандық және шетелдік платформалар үшін тең жағдай қалыптастыру; Онлайн-платформалар мен массмедиаға деген сенімді арттыру.
Сонымен бірге, заң жобасын іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық әсер туғызбайды деп көрсетілген.Парламент қабылдап, Президент қол қойған жағдайда заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді.