Кейінгі уақытта халық арасында «тұрғын үй бағасы 30 пайызға қымбаттап кетеді» деген әңгіме күшейіп тұр. Әлеуметтік желіде де, сарапшылар пікірінде де осы сұрақ басым. Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев осы мәселеге тоқталды, деп жазады Ozgeris.info.
Министр мен вице-министр не дейді?
Министр бұл жайында ашық айтып берді. Оның сөзінше, ведомство жекеменшік құрылыс компанияларының бағасына араласа алмайды. Ол журналист сұрағына жауап бере отырып былай деді:
«Министрлік ретінде біз жекеменшік құрылыс компанияларының бағасына ықпал ете алмаймыз. Бұл нарық заңы. Егер сұраныс артса, баға өзгереді. Сұраныс төмендесе, баға да реттеледі. Мұндай жағдайда нақты болжам жасау қиын».
Ерсайын Нағаспаев қазір нарықтағы жағдайды түсіндіріп берді. Оның айтуынша, халық арасында сұраныс өте жоғары. Сол сұранысты құрылыс компаниялары өздері де күшейтіп отыр. Олар пәтерді тез сатуға мүдделі.
«Қазір нарықта дүрбелең бар. Оны құрылыс компаниялары жасайды. Сол себепті халық арасында жылдам алу керек деген түсінік қалыптасады. Мұндай жағдайда сұраныс әрдайым бағаға әсер етеді. Бірақ мен 10 немесе 20 пайызға, не одан да жоғары өсімге негіз көріп отырған жоқпын», деді министр
Министр тек әлеуметтік тұрғын үй бағытын ғана бақылауда ұстай алатынын ескертті. Оның айтуынша, әлеуметтік үйдің бағасын қадағалау мүмкін. Бірақ нарықтағы бағаға араласу мүмкін емес.
Тұрғын үй бағасы туралы пікірді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин де түсіндіріп берді. Ол қосылған құн салығының, яғни ҚҚС-ның бағаға қашан әсер ететінін айтты. Вице-министр бұл сұрақты егжей тегжейлі түсіндіріп:
«ҚҚС жақын арадағы кем дегенде бір жыл немесе бір жарым жыл ішінде, 2026 жылдан бастап алсақ та, тұрғын үй бағасының өсуіне себеп болмайды» деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, ҚҚС тек 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін құрылысы басталған үйлерге ғана салынады. Яғни, үй салу процесі кем дегенде бір жыл уақыт алады. Сондықтан жаңа салық пәтер құнына нақты түрде 2027 және 2028 жылдары ғана әсер етеді. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жылжымайтын мүлікке ҚҚС салынбағанын, бірақ бағаның бәрібір өскенін еске салды. Оның айтуынша, бағаның өсуі тек салыққа байланысты емес. Бұл жалпы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасына байланысты.
Сонымен бірге азаматтарды қорғайтын жаңа талаптар туралы да айтылды. 31 тамыздан бастап жаңа үлестік құрылыс ережесі күшіне енді. Енді кез келген төлем тек банк арқылы жасалуы тиіс. Қолма қол немесе алдын ала келісім арқылы пәтер сатып алу мүмкін емес. Бұл заң сатып алушының қауіпсіздігі үшін енгізілген.

Қай қалада қымбаттап жатыр?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алғашқы нарықтағы жағдайға қарасақ, ең жоғары баға Астанада тіркелді. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 650 мың 133 теңгеге жетті. Алматы да шамалас. Онда 648 мың 230 теңге болды. Үштікке Атырау кірді. Бұл қалада жаңа үйдің бір шаршы метрі 504 мың 866 теңге болды. Ең төмен баға батыс аймақтарда байқалды. Уральск қаласында жаңа пәтердің квадраты 299 мың 155 теңге болды. Ақтөбеде 313 мың 978 теңге. Көкшетауда 334 мың 909 теңге тіркелген.
Екінші нарықта яғни қайта сату сегментінде Алматы көш бастады. Қалада квадрат метр 701 мың 88 теңгеге дейін өскен. Астанада бұл көрсеткіш 678 мың 190 теңге болды. Атырауда 495 мың 4 теңге.
Қолжетімді пәтер іздейтіндер үшін ең арзан қалалар Қызылорда, Көкшетау және Ақтау болып отыр. Қызылордада шаршы метрі 317 мың 693 теңге. Көкшетауда 337 мың 856 теңге. Ақтауда 342 мың 500 теңге болды.
Жалдамалы пәтердің бағасы да өскен. Алматыда жалдау құны ең жоғары. Бір шаршысы 5 мың 536 теңге. Астанада 5 мың 263 теңге. Қарағандыда 4 мың 638 теңге. Таразда арзан. Мұнда жалдау ақысы 2 мың 316 теңгеден басталады. Түркістанда 2 мың 626 теңге. Павлодарда 2 мың 903 теңге.
Жылдық динамикаға келсек, соңғы 1 жылда ел бойынша айтарлықтай өсім тіркелді. 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта екінші нарықтағы баға 10 бүтін оннан 3 пайызға көтерілді. Ал бастапқы нарық 12 бүтін оннан 8 пайызға өсті. Жалдамалы пәтерлер 9 бүтін оннан 9 пайызға қымбаттады.
Жаңа үйлерге қатысты ең үлкен өсім Павлодарда байқалды. Мұнда бір жылда баға 26 бүтін оннан 4 пайызға өскен. Кызылорда 15 бүтін оннан 3 пайыз көрсеткішімен екінші орында. Шымкентте 15 бүтін оннан 2 пайыз болды.
Екінші нарықта өсім Ақтөбеде ең жоғары. Қалада баға 18 бүтін оннан 9 пайызға көтерілді. Павлодарда 18 бүтін оннан 8 пайыз. Алматыда 17 бүтін оннан 9 пайыз.
Жалдау құны да кей өңірде шарықтап тұр. Ақтөбеде өсім 40 бүтін оннан 7 пайыз болды. Жезқазғанда 18 бүтін оннан 7 пайыз. Астанада 18 бүтін оннан 1 пайыздық өсім тіркелді.
Бағаның барлық сегментте бірдей өсуі тұрғын үй нарығындағы қысымды тағы бір мәрте көрсетті. Елдегі урбанизация деңгейі жоғары. Құрылыс көлемі артқанымен, сұраныс бәрібір басым болып тұр. Сондықтан статистика көрсеткен сандар алдағы уақытта да қоғам назарында қала беретіні анық.

Қымбатшылыққа қарамастан, үй сатылып жатыр
Тұрғын үйдің қымбаттап жатқанына қарамастан, халықтың баспана алу белсенділігі бәсеңдеген жоқ. Қазан айында ел бойынша 41 мың мәміле тіркелгені соның дәлелі. Оның ішінде 32 мың мәміле пәтерді сату және сатып алуға қатысты. Бұл айтарлықтай үлкен көлем.
Статистикаға қарасақ, қыркүйекпен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Өзгеріс көлемі минус 0,1 пайыз ғана. Ал былтырғы қазанмен салыстырғанда өсім 5,4 пайызға жеткен. Бұл тұрғын үйге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Ел ішіндегі белсенділік аймақтарда әртүрлі болды. Ең көп мәміле Астанада жасалды. Қалада 8 мың 945 пәтер мен үй сатылған. Бұл барлық мәміленің 22 пайызы. Екінші орында Алматы тұр. Мұнда 7 мың 868 мәміле рәсімделді. Қарағанды облысында 2 мың 982 мәміле тіркелген. Ал Ұлытау облысы ең төменгі көрсеткішпен қалды. Бар болғаны 327 мәміле жасалған.
Ұлттық статистика бюросының түсіндіруінше, пәтер сатудың жалпы көлемінде айтарлықтай төмендеу жоқ. Екі бөлмелі пәтерлер ең көп сатылған санат болған. Қазан айында осы санат бойынша 12 мың 300 мәміле рәсімделген.
Баға да қазан айында тағы көтерілді. Жаңа үйдің құны 1 пайызға өсті. Екінші нарық 0,9 пайызға жоғарылады. Жалдамалы пәтердің бағасы 1,2 пайызға қымбаттады. Мұндай деректерді бюро құрылыс компанияларының сметасы және онлайн хабарландырудағы бағалар арқылы жинайды.
Алайда ресми дерек пен нақты нарықтағы баға кейде қабыспай жатады. Мұны AERC жүргізген зерттеу де көрсеткен. Мысалы, Астанада ресми шаршы метр құны 650 мың теңге деп көрсетілсе, Krisha.kz тізімінде орташа баға 515 мың теңгенің айналасында.
Krisha.kz мәліметінше, қазан айында кейбір ірі қалаларда екінші нарық арзандаған. Астанада минус 1,2 пайыз, Шымкентте минус 1 пайыз, Ақтауда минус 2,4 пайыз төмендеу байқалған.
Соған қарамастан сарапшылар алдағы айларда баға қайта өсетінін айтып отыр. Halyk Finance мамандары жыл соңында тұрғын үй құнының тағы қымбаттайтынын болжайды. Олар бірнеше себепті атап өтті. Елдегі инфляция, теңгенің әлсіреуі, жыл соңындағы маусымдық сұраныс және 2026 жылдан бастап енгізілетін қосылған құн салығының өзгерісі. Сарапшылардың айтуынша, ең көп қымбаттайтын сегмент – жаңа үйлер. Әсіресе Алматы, Астана және Шымкент қалаларында баға айтарлықтай көтерілуі мүмкін.