💰 Экономика

800 млн теңгелік тендер әлеуметтік желіде талқыға түсті

800 млн теңгелік тендер әлеуметтік желіде талқыға түсті

Әлеуметтік желіде «Самрук-Энерго» компаниясына қатысты тендер қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы қоғам белсендісі және PR-маман Қуат Домбай Facebook парақшасында жазба жариялады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Оның айтуынша, Көкшетау және Өскемен қалаларында салынатын жылу электр орталықтарының (ЖЭО) құрылысына заңгерлік сүйемелдеу қызметі бойынша 800 миллион теңгелік тендер өткізілген.

Домбайдың жазуынша, аталған конкурсты «Самрук-Қазына» қорының топ-менеджерінің жұбайы жұмыс істейтін заң компаниясы жеңіп алған. Оның пікірінше, тендердің шарттарында қызметті тек Қытай құқығына маманданған заңгерлер ғана атқара алады деген талап көрсетілген.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырып, кейбір қолданушылар тендердің ашықтығы мен заңдылығына қатысты сұрақтар қойды.

Алайда бұл ақпарат әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компанияларда тиімсіз шығындарды азайту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесін бірнеше рет көтерген еді.

Барлық жаңалық