Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан кейін ауыр жарақат алған тағы екі адам қайтыс болды. Осылайша қаза тапқандар саны 11 адамға жетті.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н. Ермектің айтуынша, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ауыр жағдайда жатқан науқастарды аман алып қалу мүмкін болмаған.
«Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, Щучинскідегі жарылыстан зардап шеккен тағы екі ауыр науқас көз жұмды. 8 наурыз күні “Авиценна-Бурабай” стационарының жансақтау бөлімінде жатқан пациент қайтыс болды. Ал 9 наурызда Көкшетаудағы Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында ем алып жатқан науқас көз жұмды», – деді ол.
Дәрігерлердің мәліметінше, жарақат алған басқа науқастарға медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Емдеу жұмыстарына барлық медициналық, кадрлық және техникалық ресурстар жұмылдырылған.