📰 Сарапшылар пікірі

Израиль мен Иран соғысы: Қазақстан экспорттық кірісінің 5%-ын жоғалтуы мүмкін

Израиль мен Иран соғысы: Қазақстан экспорттық кірісінің 5%-ын жоғалтуы мүмкін

2024 жылдың сәуірінде басталған Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс биыл маусымда шарықтау шегіне жетті. Салдарынан Орталық Азия экономикасына айтарлықтай соққы болуы мүмкін дейді сарапшылар. Соғыс ошағы географиялық тұрғыдан алыс болса да, аймақ елдері үшін қиындықтар туғызып жатыр. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

Орталық Азия аймағы Таяу Шығыспен сауда, көлік және энергетикалық маршруттар арқылы тығыз байланысқан. Қақтығыстың өршуі логистика, энергия бағасы мен инфрақұрылымдық жобаларға қауіп төндіруде.

Қазақстанның мұнай экспорты қауіптің қақ ортасында 

Мұнай бағасының өсуі елімізге екіжақты әсер етуде. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіруші және экспорттаушы ел. Қазіргі таңда Қазақстан тәулігіне шамамен 1,8 миллион баррель мұнай өндіреді. 2024 жылы мұнай экспорты елге 48 миллиард доллар табыс әкелді. Мұнай бағасының өсуі (баррель бағасының 70 доллардан 74,5 долларға дейін қымбаттауы) елдің экспорттық кірісін арттыруы мүмкін.

Одан бөлек мұнай мен басқа да өнімдерді тасымалдау кезінде Иранның порттары маңызды рөл атқарады. Егер бұл бағыттар жабылса, Қазақстан өзінің экспорттық кірісінің шамамен 5%-ын жоғалтуы мүмкін. Қазақстан аталмыш тәуекелді азайту үшін Ресей және Қытаймен жаңа көлік дәліздерін дамытуға ден қойды. Ресей 2024 жылы Қазақстанды Каспий көлік дәлізіне қосуға 1,2 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл бағыт Иранды айналып өтіп, Қазақстанның Каспий теңізі арқылы экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Қазақстан аймақтық қауіпсіздік үшін Ресеймен әскери-техникалық ынтымақтастығын нығайтып келеді. 2024 жылы еліміз Ресейден 150 миллион доллар көлемінде С-300 әуе қорғаныс жүйесін сатып алды.

Өзбекстан: ең осал тарап

Өзбекстан Израиль мен Иран қақтығысынан ең көп зардап шегіп жатқан ел. 36 миллион халқы бар Өзбекстан соңғы жылдары Иранмен сауда байланысын белсенді дамытты. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 500 миллион долларды құрап, 2027 жылға қарай 2 миллиард долларға жеткізу жоспарланған болатын.

Иранның Чабахар және Бандар-Аббас порттары Өзбекстан үшін маңызды экспорттық шлюзге айналды. Бұл порттар арқылы Өзбекстан өз өнімдерін, атап айтқанда тоқыма, ауыл шаруашылығы және минералды тыңайтқыштарды Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына жеткізіп отырған. Қазіргі уақытта Иран арқылы өтетін құрлық маршруты Өзбекстанның транзиттік тасымалының шамамен 15%-ын қамтамасыз етеді. Сондықтан Ирандағы тұрақтылық Өзбекстан үшін стратегиялық маңызға ие.

Қақтығыстың басталуы 2024 жылдың 1 сәуірінде Израильдің Дамаскідегі Иран консулдығына жасаған әуе соққысынан басталды. 14 сәуірге қараған түні Иран Израильге 170 ұшқышсыз аппарат, 30 қанатты зымыран және 120 баллистикалық зымыранмен соққы берді. Бұған жауап ретінде Израиль 2025 жылдың 19 сәуірі мен 13 маусымында Иранның әскери және энергетикалық нысандарына соққы жасады. Иран Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 17 маусымына дейін бұл шабуылдардан 224 адам қаза тауып, 1000-нан астам адам жарақат алған. Израильде 15 адам қаза тапты, 400-ге жуық адам жараланған.

Геосаяси шиеленіс мұнай бағасының күрт өсуіне әкелді. 12 маусымда баррель бағасы 70 доллар болса, 17 маусымда 74,5 долларға жетті. Егер Иран Ормуз бұғазын жабатын болса, мұнай бағасы 120-130 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 25%-ы өтеді.

Сонымен қатар, логистикалық желілер де үлкен қауіп астында. Иран арқылы өтетін “Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізі Өзбекстанды Үнді мұхитының порттарымен байланыстыруға тиіс еді. Өзбекстан 2023 жылы бұл маршрутты дамытуға 200 миллион доллар инвестиция салған болатын. 2030 жылға қарай экспортты 20%-ға арттыруды көздеген. Алайда қақтығыс бұл жобаның уақытша тоқтауына әкелді. Иран порттарының жабылуы немесе құрлық жолдарының бұзылуы Өзбекстанның экспортын 10-15%-ға қысқартуы мүмкін, бұл жыл сайын 1,5-2 миллиард доллар шығын деген сөз.

Ресей Иранды айналып өтетін балама көлік дәліздерін дамытуға да үлес қосып келеді. Каспий көлік дәлізі Өзбекстанға жаңа экспорттық мүмкіндік ашып, “Солтүстік-Оңтүстік” дәлізі жабылған жағдайда шығынның 30%-ын өтеуі мүмкін. Өзбекстан мен Қазақстан 2025-2026 жылдары осы жаңа дәліздерге қосылу үшін теміржол инфрақұрылымын жаңартуға қосымша 500 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Қырғызстан мен Тәжікстан: импорттық тәуекел және энергетикалық тәуелділік

Қырғызстан мен Тәжікстан мұнай мен газды негізінен импорттайтын елдер. Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасының өсуі бұл елдер үшін экономикалық қысымды күшейтуде. Қырғызстан мен Тәжікстан Ресейден келетін арзан мұнай мен газға тәуелді. Ресей Тәжікстанның газ импортының 40%-ын қамтамасыз етеді және болашақта бұл үлесті арттыруы мүмкін.

Қырғызстан мен Тәжікстанның ішкі нарықтарында мұнай өнімдерінің қымбаттауы инфляцияны күшейтуде. Жергілікті сарапшылар 2025 жылы бұл елдерде инфляция деңгейі 12-15%-ға жетуі мүмкін екенін болжауда. Бұл халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, әлеуметтік наразылықтың артуына себеп болуы ықтимал.

Түркіменстан үшін уақытша пайда

Түркіменстан ірі газ экспорттаушы ел. Мұнай мен газ бағасының өсуі бұл ел үшін қысқа мерзімді экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Алайда Түркіменстан Иран арқылы да тасымалдау жолдарын пайдаланады, сондықтан Иран порттарының жабылуы елдің кейбір экспорттық бағыттарына теріс әсер етуі мүмкін.

Ядролық қауіп және болашақ тәуекелдер

2025 жылдың 14 маусымында Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац Иран зымырандық шабуылдарын жалғастырған жағдайда “Тегеранды жоюға” дайын екенін мәлімдеді. Сарапшылар ядролық соққы ықтималдығы төмен деп санайды. Десе де, Израильдің 80-90 ядролық оқтұмсығы бар екенін ұмытпаған жөн. Тактикалық ядролық қарудың қолданылуы аймақтағы гуманитарлық апатқа, босқындар ағынына және Иран экономикасының күйреуіне әкелуі мүмкін. БҰҰ деректеріне сәйкес, Иранда қазіргі уақытта 3,8 миллион босқын бар, соғыс шиеленісе берсе 10 миллионға дейін өсуі мүмкін.

Орталық Азияның келешегі

Орталық Азия елдері Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс салдарынан туындаған тәуекелдерді азайту үшін сауда жолдарын әртараптандыруы және аймақтық ынтымақтастықты нығайтуы қажет. Өзбекстан мен Қазақстан 2024 жылы Қытай арқылы экспорт көлемін 15 миллиард долларға жеткізіп, 12%-ға ұлғайтты.

Ресей Орталық Азияны қолдауда маңызды рөл атқаруда, алайда оның ресурстары шектеулі. Қытай аймақтың негізгі экономикалық серіктесіне айналып келеді.

Қорытындылай келе, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс Орталық Азия үшін энергия бағасының өсуі, логистикалық тізбектердің үзілуі және әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудырып отыр. Өзбекстан ең осал елдердің бірі ретінде жыл сайын 2 миллиард доллар экспорттық шығынға ұшырауы мүмкін. Ресейдің жеңілдікпен жеткізілетін энергия ресурстары мен көлік дәліздеріне инвестициялары қысқа мерзімді жеңілдік берсе де, аймақтың ұзақ мерзімді тұрақтылығы сауда жолдарын әртараптандыру мен аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуге байланысты болады. Орталық Азия елдері үшін геосаяси шиеленіс алдағы жылдардағы басты сын болмақ.

Барлық жаңалық