✅ Пайдалы

«Қалаларға жаңа сәулеттік стандарттар қажет»

Ел сәулетіне жаңа тыныс қажет-ақ. Халықаралық деңгейде танылған сәулетші, INK Architects компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Камитов елімізге қалаларды дамытуға арналған нақты заң керек дейді. Оның айтуынша, жаңа қала құрылысы кодексі сапаны жақсартып, халыққа жайлы өмір сыйлайды. Қазір құжат Мәжілісте қаралып, тіпті қоғам арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Айта кетейік, 2022 жылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жаңа кодекс дайындауды тапсырған еді. Сондай-ақ әр қалада интерактивті жер карталарын әрі коммуналдық желі сызбаларын жасауды ұсынды. 

– Нұрлан Дүйсенбайұлы, қазір жүзеге асырып жатқан сәулеттік жобаларыңыз туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

– Бұл жерде тек мен жұмыс істеп жатырмын деу – әділетсіз болар еді. Мен негізін қалап, бүгінде басшылық етіп отырған компания – Қазақстандағы толық циклді жетекші сәулет бюроларының бірі. Біздің командада 150 маман еңбек етеді. Портфолиомызда 600-ден астам жоба бар. Оның ішінде бірқатары халықаралық кәсіби марапаттарға ие болды. Қазір біз тек Қазақстанда емес, Дубай, АҚШ, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанда да жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, жуырда ғана ел тарихында алғаш рет Дубайда көпқабатты тұрғын кешеннің концепциясын жасадық. Жоба екі мұнарадан тұрады: бірі – 48 қабатты, екіншісі – 25 қабатты. Негізгі мұнараның биіктігі – 187 метр. Жалпы аумағы 70 мың шаршы метрден асады.

Әзербайжандағы жобамыз да ерекше. Каспий теңізінің жағалауындағы Sea Breeze курорт аймағында 50 гектардан асатын жерге жаңа туристік аймақтың жобасын жасап жатырмыз. Бұл жұмыс кезінде біз жергілікті табиғи ландшафты, климаттық ерекшеліктерді және заманауи сәулет талаптарын ескердік. Қырғызстанда тау баурайында және қала ішінде бірнеше жобамыз бар. Онда біз экологиялық тұрақтылық пен ұлттық нақышты үйлестіруге тырысамыз.

Ал Өзбекстанда жаңа тұрғын ауданның тұжырымдамасын жасап жатырмыз. 400 гектар аумақты қамтитын бұл жобада 30-дан астам бірегей сәулет нысаны қарастырылған. Мақсатымыз – жайлы әрі үйлесімді қалалық орта қалыптастыру.

– Сіз АҚШ-та, Біріккен Араб Әмірліктерінде және өзге елдерде жұмыс істей жүріп, құрылыс саласының ішкі тетіктерін зерттедіңіз. Бізбен салыстырғанда қандай нақты артықшылықтарды байқадыңыз?

– Бірінші байқағаным – шетелдегі стандарттармен жұмыс істеу әлдеқайда оңай, ыңғайлы. Сол себепті де олардың сәулеті мүлде өзгеше. Бізге таңсық болып көрінетін дүниелер олардың күнделікті тәжірибесіне айналған. Ал бізге міндетті түрде озық халықаралық тәжірибені үйрену қажет.

 Ең алдымен, менің ойымша, жобалау стандарттары мен кезеңдерін қайта қарауымыз керек. Әрбір аймаққа жеке қала құрылысы ережелерін енгізіп, құрылыс кодекстерін заманауи талаптарға бейімдеу қажет. Әрине, мұның бәрі бір күнде істелетін жұмыс емес. Сондықтан өтпелі кезеңде жобалаушыларға әрі біздің, әрі халықаралық стандарттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беру дұрыс шешім болар еді.

Кейбір сарапшылар «бізде бәрі керемет, өзгертудің қажеті жоқ» дейді. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Егер шын мәнінде бізде бәрі керемет болса, онда қалаларымыз да шетелдегіден кем түспейтін еді. Құрылыс материалдары бетон, кірпіш, әйнек – бізде де, шетелде де бірдей. Бірақ жұмыс істеу тәсілі мүлде бөлек. Ал ол тәсілді заңнамалық база айқындайды. Сол себепті бір материал әр елде әртүрлі нәтиже береді.

Біздің компания – халықаралық стандарттарды терең әрі тұрақты зерттеп, экспортқа бағытталған жобалар жасайтын Қазақстандағы жалғыз сәулет бюросы десе де болады. Сондықтан менің мұндай ұсыныс айтуға толық моральдық, кәсіби негізім бар деп санаймын.

– Қала құрылысын реттейтін жаңа кодекс қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сіз бұл құжатты сәулетші көзімен қалай бағалайсыз? Шынымен де сала мамандарының алаңдауына негіз бар ма?

– Жалпы, біздегі құрылыс жобаларын келісу мен сараптамадан өткізу үдерісі біршама жедел. Бұл – елдің дамуына қолбайлау болмайтын, икемді жүйе. Осы тұста мемлекетке алғыс айту керек. Себебі шығындарды төмендетуге, бәсекеге қабілеттілікке есік ашады. Бірақ жобалау тәсілдері, стандарттар, осы саладағы білім деңгейі халықаралық стандарттардан төмен екенін мойындауымыз керек. Соның салдарынан, кейде ашығын айтқанда, тым әлсіз жобалар да пайда болып жатады.

Мұны өзгерту үшін батыл шешім қажет. Жаңа қала құрылысы кодексі қабылданарда озық халықаралық тәжірибеге сүйену керек. Мәселен, климаты өте қиын Дубайдың өзі халықаралық стандарттарға сай құрылыс жүргізіп отыр. Ең бастысы – олар әлемнің кез келген елінің мамандарымен бір тілде сөйлей алады. Себебі ортақ стандарт бұл жаһандық интеграцияның тілі.

– Ел сәулеті бүгінде жаһандық сахнада қаншалықты танылып жүргені қызық.

– Иә, Қазақстанда мақтануға тұрарлық тәжірибе бар. Мысалы, өрт қауіпсіздігі мен құрылымдық нормалар бойынша бізде талаптар қатаң. Бірақ сонымен бірге қазіргі заманда еш қажеті жоқ, даулы нормалар да бар. Жалпы алғанда, қазір біздің құрылыс саласы мен оның стандарттары, жобалауға деген көзқарасымыз халықаралық аренада сұранысқа ие деуге келмейді. Архитектура мен құрылыс сапасы да идеалдан әлі алыс.

– Сіздіңше құрылыс сапасын көтеріп, қалалардағы өмір сүру деңгейін жақсарту үшін ең алдымен қандай бес нақты қадам жасалуы керек?

– Біріншіден, архитектура мен құрылыс сапасын арттыру үшін мамандардың білімі мен кәсіби деңгейін көтеру керек. Кез келген стандарт болсын, егер орындаушы нашар болса, нәтиже де соған сай болады. Архитекторлар, құрылысшылар, девелоперлер үнемі өзін жетілдіріп, тәжірибелі практиктерден үйреніп отыруы тиіс. Екіншіден, жобалау үдерісін халықаралық стандарттарға көшіру – міндет. Үшіншіден, ескірген, маңызын жоғалтқан құрылыс нормаларын қайта қарап, артықтарын алып тастау керек. Оның орнына көлік қозғалысы, ландшафт, конструктив, фасад эстетикасы секілді бағыттарға екпін қою қажет. Ұлттық және жергілікті деңгейде қала құрылысы регламенттеріне тексеріс жүргізіп, дизайн-код, сыртқы жарнама ережелерін де сол регламенттер аясында енгізу керек. Төртіншіден, әр өңірге бейімделген қала құрылысының стандарты қажет. Бір ғана Алматының өз ішінде бірнеше регламент болуы заңды. Қазір елімізде қала құрылысы нормасы барлық өңірге бірдей – бұл кеңестік кезеңнен қалған жүйе. Ол кезде жоспарлы экономика және орталықтандырылған билік болғандықтан, типтік үйлер бір стандартпен салынған. Бесіншіден, меніңше, осы реформаларды іске асыру үшін архитекторлардың мәртебесін көтеру қажет. Себебі әлемнің көп елінде архитектор – құрылыс үдерісіндегі басты тұлға. Кейбір елдерде тіпті құрылысқа несие алу кезеңіне де архитектор қатысады. Бізде, керісінше, басты рөл инженерге беріліп кеткен. Ал басты мақсат жобаның сараптамадан өтуі болып кеткен. Егер біз бес сатылы жобалау жүйесіне көшетін болсақ, отандық архитекторлар шетелге де жоба ұсына алады, ал шетелдік мамандар бізде жұмыс істей алады. Себебі бәрі ортақ стандартпен жұмыс істейді.

 

Барлық жаңалық